Ауылды аңсағанда

 
 
Сағыныш мені өзіне тағы кетті алып,
Өлеңнен өзге дүние түгел шет қалып.
Ақ таңнан тұрып, аттанып кеткім келеді,
Сал самал жұтып,
Сағымды белді бетке алып.
Осы бір сәтте ақындық атты бақ дарып,
Шалқытып жатыр жанымнан жалын ақтарып.
Думанды ауыл, дидарың жатыр кеудемде
Тал бесіктегі таққан тұмардай сақталып.
Сергітіп ойды сен жақтан жылы жетті леп,
Сағынған шақта елжірейді екен ет жүрек.
Еске алдың ба екен ұшырған қарлығашыңды
«Есен-сау жүрсін, қайда да болса» деп тілеп.
Өзіңнің сыйың мендегі мынау бір өнер,
Шырайлы шағың жүрегіме жыр егер.
Сен жақта ерте еркелей ескен самалды
Аңсаған менің сағынышым деп біле бер.
Аңсағанменен арқамда жүрген жүк қайсы?
Өтелмей жатқан парыздай естен шықпайсың.
Шығыстан шуақ таратып атқан таңның да
Арайында арманым барын ұққайсың.
Сен жақтан келген құстар да қимай айтады ән,
Сапырылып жатыр сағыныш шабыт шайқаған.
Құба жондағы сапарға салған жолменен
Оралсам ба екен алтын ауылыма қайтадан?!
 
Күләш Ахметова
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *