Айнаның қарсы алдына Маймыл барып,
Айнада өз сүгіретін көре салып,
Аюға жанындағы күліп айтты,
Ақырын аяғымен түртіп қалып:
«Бері қара! Бұ кім өзі мынау перің?
Білмеймін, қайдан шыққан мұндай көрім?!
Он екі мүшесінің бірі оңды емес,
Көз салып қарап тұрсам әрбір жерін!
Мен бұған титтей ғана ұқсас болсам,
Ішіме пышақ салып, өлер едім.
Ол рас бесеу-алтау бар екені –
Кейіпсіз нақ осындай бөлелерім».
«Маймылжан, біраз ғана етсең төзім,
Менің бар жалғыз ауыз айтар сөзім:
Әуре боп бөлелерің санағанша,
Абайлап қарашы әуел өзіңе өзің».
Аюдың бұл ақылы айтқан досқа,
Бір жүріп, бірге тұрған көңіл қосқа.
«Алды жөн адасқанның» деген сөз ғой
Тыңдаусыз құр далада қалды босқа.
* * *
Мысалы: адам – Маймыл, өлең – Айна,
Өлеңде түсінгенге бар көп пайда.
Айтылған өлеңдегі мінін көріп,
Түзейтін мінез-құлқын адам қайда?!
Біреудің мінін айтса өлеңшілер,
Мәз болып тыңдағандар, қарқ-қарқ күлер.
Болса да нақ сол міндер өз басыңда,
Деп айтар: «Секілді екен пәленшелер».
Мен талай көргенім бар осындайды,
Өз мінін кім аңғарып, абайлайды?
Мысалы, бидің жеген парасын айт,
Көрсетер көзін қысып ауылнайды.
Ахмет Байтұрсынұлы