Жүрсін Ерманға
Байтақ елден бауыр іздеп біз келдік,
Бұланайды басып өткен із көрдік.
Бақ-талайың алмағайып алмасқан
Басқа түскен бұлыңғырлау күз көрдік.
Өтті-кетті.
Өксіп енді не керек?
Өр кеудеде алдаспан жыр керемет.
Алыстағы ағайынға дем беріп,
Айтыс келді арғымағын жебелеп.
Тұрмаса да ғажайыптар азайып,
Көрмей қалса тартсын дейміз көз айып.
Ұмытылмас
Қақ төрінде Париждің
Қазақ рухы қалықтаған ғажайып.
Бармасаңыз, келмесеңіз білсін кім?
Сілкінісі жүректегі дүрсілдің.
Жанартауын сағыныштың атқылар
Жер тарпыған жүйріктері Жүрсіннің.
Құйрық-жалсыз құлан қайтіп күн көрмек?
Қайсар қазақ келе жатыр күнге өрлеп.
Еуропаға білдірдік біз елдікті
Кеудемізді қасиетті жыр кернеп.
Шет жүрсең де шертпе, бауыр, шерлі күй,
Шалғай елде отау тіккен сен бір үй.
Аңсап келіп аттың басын тірейік,
Артта қалды азап шеккен сорлы күй.
Ән-Әміре ашқан алғаш түндігін,
Париждегі патша көңіл, жырлы күн.
Жаһандағы бар қазаққа жеткізсін
Домбыралы көкіректің күмбірін.
Қорғанбек Аманжолов