ӨМІРІМЕ ӨКПЕМ

 
Сұм өмір, сұлу дүние, алдадың ба?
Тән арып, тамырда қан қалмадың ба?
Жалған үшін жан қиып, жапа шектім,
Еңбегім, екі болып, жанбадың ба?
Жайшылықта жан қиған, жақын дүние,
Талып тұрсам, назарың салмадың ба?
Ортекедей орғытып, оққа жығып,
Жалмауыз жауыз жалған, жалмадың ба?
Арсыз нәсіп, армансыз алдадың ба?
Қайрымсыз қанжығаңды қандадың ба?
Қомағай қорқау ажал, қойның ашып,
Қапа мен қайғыға қол жалғадың ба?
Алдандым, алжастырдың, аңғырттандым,
Ақылсыз аңқау басым, аңдадың ба?
Қимас дос, қыспақта боп, жылаттың ба?
Қайғымен қан жұтқызып, сұлаттың ба?
Қасіретті қасапшының ешкісіндей
Құрым іліп, құдыққа құлаттың ба?
Құбылдың, құйқылжыдың, Құртқа дүние,
«Қызықпаймын» десем де, шыдаттың ба?
Ар-ұят, адамдықты арам қылып,
Бәрін саған жұмсадым, қуанттың ба?
Сен үшін жақынымды жат қылып ем,
Қайырылып, қам көңілімді жұбаттың ба?
Мелшиген, мейірімсіз, меңіреу дүние,
Алдап ап, айызыңды қандырдың ба?
Қазынаны ұрлаған қарақшыдай,
Бас салып, басқа бұғау салдырдың ба?
Жау тонаған адамдай жәудіретіп,
Адамзаттық арымды алдырдың ба?
Кетеріңе келгенде, кәззап дүние,
Түлкідей құйрығыңды шалдырттың ба?
Қапаста қан азайып, қажыр мұқап,
Қалашының итіндей қаңғырттың ба?
Әзелде алысқа ұшқан дәм мен тұзым,
Тәуекел, тасқа қондым, Тәңірім сақтар.
Жерлерге топырақ тартқан сан айналдым,
Деген жанмын: «Құнымды Құдай жоқтар!»
Адам басы – Алланың добы болса,
Тағдырдан табандатып тиді шоқпар.
Жалындым, жанталастым, жалбарындым,
Тимеді ешбір рақым Тәңірім жақтар.
Махпуздың тақтайына жазған жұмыс
Бұйрықты жерлеріне барып тоқтар.
Басқадан менің жаным бағалы ма,
Талай жан тап жолында болды көкпар!
Қиядан сөз табатын ақыл бар ма,
Тыңдайтын бойым балқып нақыл бар ма?
Есіл сөзім есепсіз босқа кетсе,
Обалы жаулығы жоқ қатындарға.
 
Мағжан Жұмабаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *