Өлең, сенен өлсем қашып құтылман,
Жабысқан бір дерт болдың ғой тұқымнан.
Жүрегімнің тереңінде бір жел бар,
Жеткен маған зыңыранып зытымнан…
Қабағымда жатты талай торып түн,
Сонда маған Құбыла болып жолықтың.
Өлең! Сені тірі сақтап қалам деп,
Талай жерде қорықпастан қорықтым…
Көкірегіме сәуле малып таңғы ыра,
Оятқасын басқа амалым қалды ма?
Өлең! Сені есен алып өтем деп,
Қанша бардым малғұндардың алдына.
Қасқа қазақ болған шақта қара бақ,
Жаудың оғы сені кетті жаралап.
Желтоқсанның қан атқанда көзінен,
Аман қалдың тар қаңқамды паналап.
Талай мәрте ит кісінеп, жылқы ұлып,
Періштемнің берген сыйын, жын тығып;
Апан-түнге адастырып апарды–
Ай-сүйекті тістей қашқан түлкі бұлт…
Алтын сарай соға алмаспын мен саған,
Сенің арқаң айналама келсе жан.
Жүрегімнің лүпілімен қанатын
Бірге қаққан, бозша торғай, болшы аман!
Бастан өтті мұздай күндер, оттай түн,
Сонда өзіңмен бірге болдым көпке айқын.
Бейітімде шырақ болып шырылдап,
Мен өлгенде тек өзіңсің жоқтайтын!
Аман болса атажұрттың ақ тасы,
Мәңгіліктің жабылар-ау қақпасы!..
Құлып-Тастың құлап түсіп түбіне,
Шырлай алмай шалажансар жатпашы!..
Светқали Нұржан