ҚЫС

Қар салмағы үймелей,
Сынған ағаш шытырлап.
Жаңа етік кигендей,
Қыс та келді сықырлап.
Бар әлемді бір уыс
Етемін деп қусырып,
Ашуланды суық қыс,
Жердің бетін қусырып.
Долданды қыс ысқырып,
Алай-түлей қар борап.
Қызыл шұнақ үскірік,
Дүниені алды орап…
Күшті, долы, ағынды,
Тау мен тасты сан бұзған,
Су да қысқа бағынды,
Көрпеленіп көк мұздан.
Бойында жоқ жапырақ
Суық желден қылар ық,
Ақ қайың тұр қалтырап,
Үстін басып мұз қабық…
Біткен сауық, ән, күлкі,
Қайғыланған орман да…
Жортқан қасқыр, аш түлкі
Ақ бораннан қорғана…
Құстың бәрі қыс болмай
Жылы жаққа ауысқан.
Қалған жалғыз көп торғай,
Қарға, құзғын, сауысқан.
Оларда да зәре жоқ,
Суық қыстан сұғынған,
Біріне орман пана боп,
Бірі шөпке тығылған…
Тек, колхозшы ақсақал,
Басында тері тымағы,
Үстінде жылы тоны бар,
Қысты мазақ қылады:
— «Аяз, ызғар, боранға,
Былқ етпейді бүйірім,
Тұрған жайлы қорамда,
Жылқы, қойым, сиырым.
Дәмді шөпті күйсеп ап,
Жылы суды ішуде.
Қысым, саған ұшырап,
Малым жоқ дайын үсуге.
Асым да мол қыстай жер,
Қазаным тұр бұрқырап.
Бораным, мейлі соға бер!..»
Деп күледі қарқылдап…
Топ пионер шыға caп,
Сабақтары бітісімен
Конькилерін байлап-ап,
Сырғиды мұздың үстімен,
Не болмаса топ бала
Кәрі қысты ыза ғып,
Соға бастайд аққала
Беттері ду-ду қызарып,
Қыс шамдана қалады,
Жұмсап аяз шұнағын,
Тістеп-тістеп алады,
Балалардың құлағын.
Қорқар тіпті ешкім жоқ,
Төнсе де аяз қалшылдап,
Қыс та әбден ыза боп,
Жіберер жылап тамшылап
 
Ілияс Есенберлин

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *