Баян Жанғаловқа сағыныш хаты
Қасиетті зәузаты Қанай шалдың,
Қанайы деп бүгіннің сені айтармын.
Тоқпақ жалды тұлпарды, уа, дүния,
Тоқсан бестің торына қамай салдың!
Сендей асыл қамалмас торға бірақ,
Сыр алдырмас сом тұяқ жолда жырақ.
Ерте жетіп көмбеге елден ерек,
Отырғандай көріндің сәл дамылдап.
Зерендінің таңбалы жартасындай,
Қорытылған құнардың тортасындай,
Байыбысың өмірдің, Баян аға,
Баяндының баяғы балқашындай.
Сен десем де, сыйлығым, сіз десем де,
Шиырлаған жолыңнан із кесем бе.
Тасты жарған Зеренді қарағайын
Табармын ба шам алып іздесем де.
Қатпарланған шежіре қордасындай,
Қазыналы ойлардың ордасындай,
Қасиетін халқының құйып алған
Қормалым-ай салмағы қорғасындай.
Батырасың пайымды шым тереңге,
Барған сайын жолығам шын кемелге.
Дәуіріңде дәуренің жүрген аға,
Үн терем бе ізіңнен, сыр терем бе?
Толағайдай ағаға ақ сәлеммен,
Тоқсаныңның тойына патша келген.
Патша келіп қалған соң амал қайсы,
Пәруайсыздар алдыңда атша желген.
Өресізге өмірдің мәні шолақ,
Жетесіздің жететін жері сол-ақ.
Соларды да сөзіме қосып тұрған,
Адам жоқ-ау алатын мені сабап.
Асылдығың арымас саған біткен,
Асқақтығың астасқан адамдықпен.
Көкшетаудың көркіндей кенен жаның
Көп-ау әлі тылсымы маған бүккен.
Кең дүниеде кете алмас көзің қиып,
Көкше көркем, Көкшеде өзің биік.
Сексен көлдің сарылтып сағымдары,
Сергелдеңге салды ма сезім киік?
Аңсадың ба баяғы дер күніңді,
Сағындың ба саңлақ Еркініңді.
Сағындың ба нөсерлі өлеңімен
Еркелеген Еркештей өрт ініңді.
Көздеріңнен оқимын көп ойларды,
Сағындың ба жақсы інің Жанайдарды.
Қорғанбегім хабарсыз кетті деме,
Көк дөнені көңілдің талай барды.
Туған жердің медетін іздегенде,
Тулап жүрек, алаңмын сіз дегенде.
«Жүз ауызы жаздырмай, жұмысбасты»,
Жиеніңіз қосады ізгі өлеңге.
Бала кезден өзімді аялаған,
Бағаласын жырымды Баян ағам.
Бақытымды байқамай қалай жүргем,
Бата берген Алашқа аян ағам?
Қаракөктің болатын бабы сенде,
Қанай құтпан қалыпты қаны сенде.
Қалыбынан айнымас қара сабам,
Қасиеттің қазығы әлі сенде!..
Қорғанбек Аманжолов