Қазақ қызы

 
Маужырап тау, күн күліп,
Албырап аспан нұрлы көк.
Маужырап қыр, жер жусап,
Баяулай соқса жел жібек.
Қырмызы жалау желбіреп,
Өктем-өктем басқан топ,
Октябрь тойы болды топ,
Он бір жыл оған толды деп,
Жамырап ду-ду қалың көп.
Сол дүбірдің ішінде
Топтанған әйел бір бөлек.
Қаймақы қабақ қара қыз,
Жинақы көйлек, келте шаш,
Жаға, жеңін түймелеп;
Жігерлі даусы саңқылдап,
Сартылдатып тұр сөйлеп.
Тұр десеңдер не сөйлеп;
Анау, анау, заманда,
Анау қалған атам заманда,
Ер егер заманда,
Ел әбігер заманда,
Хан тағында заманда,
Халық шабынды заманда,
Шен шіренген заманда
Қазақ қызы кім едік?
Байдың шұлғауы едік,
Бәйбішенің тұлағы едік,
Мырзаның әуесі едік,
Тұлпардың бәйгесі едік,
Найзагердің олжасы едік.
Саудагердің саудасы едік,
Қулардың қуыршағы едік,
Қазақ қызы күң едік.
Енді мына, мына атқан таңда,
Еңбекші жауын құлатқан заманда,
Ескілікті қиратқан заманда,
Езілген жұртты қуантқан заманда,
Игілікті орнатқан заманда,
Келелі кеңес қолға алған заманда,
Оған он бір толғанда,
Осы өмірдің, осы жұрттың,
Қазақ қызы кіміміз?
Күң емеспіз, азатпыз,
Азаттық алған қазақпыз.
Жылағанды уатқанбыз,
Сұмырай заңды суалтқанбыз.
Ілгері басқан елі бар,
Бірлігі күшті, қадамы кұтты,
Жаңа тұрмысты, жас жұртты
Жасаушының біріміз.
 
Ілияс Жансүгіров

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *