…Тұманға сіңген
жарлы ауыл,
Тұнып тұр
қарашығымда.
Қоштасу сірә,
жанға ауыр,
Дала, шынында.
− Қол бұлғап
қалған қыраттар,
бетегелерім,
ну орман, өзен, бұлақтар!
…Уақыт өте келемін.
Келемін
бір күн расында,
«Ұлы» ақының болып!
Мен туған
дала тасына
Жанымның
жыры ақырын қонып;
…Қимай-ақ кеттім, бір бұлғап
қолымды үнсіз.
(Жол бойы шопыр мың жырлап
өмірді құнсыз.)
…Жылдар да өтті, үйрендім
қалаға нөпір.
Жырлар жазылды…
«сый» көрдім –
(Қалағаны оқыр).
Уәдем бірақ, әлі күн
орындалмады.
− Барамын, ей-хей, жарығым
Өмір алда әлі!..
Жусанды қырлар, қыраттар,
бетегелерім,
ну орман, өзен, бұлақтар!
…Уақыт өте келемін! –
Деймін де,
іштей көңілсіз,
Ойға батамын…
«Барамын» − деймін,
сенімсіз…
Менің шағын қайран,
Отаным!
…Тұманға сіңген
жарлы ауыл,
Тұр әлі түнеп
қарашығымда.
…Бармайтындығым
жанға ауыр,
Қала, шынында.
Саян Есжан