ТҮН. ҮМІТ.

Қарағайлар көңілсіз
қоңыр әнін ыңылдап,
Ырғалады нәзіктік
Жел күрсініп ымында ақ.
Бүгін орман әуені −
мендік үнмен тым үндес,
Адыр – үнсіз, шөп –
мылқау, түнерулі «қыңыр» кеш…
Күнбатыстың
жалқыны жанарыма құйылып,
Анау тұрған қайыңдай
қалдым несін бұйығып?!
Тыныштықтың демімен күрең
Өмір тыныстап,
Бір күнді ертіп барады арада
Іңір жылыстап.
Мына жатқан қорымдай
көңіл бейбақ аңырап,
Саусағымен самалдың
таранды шаш қобырап.
…Тағат қалмай бойымда
Хан көліндей сарқылып,
Үміт пенен
Күдікке көкпар-сезім тартылып…
«Сен келер!» деп,
бұл маңға міне, тағы келіп ем,
Әй, мен де бір пақырмын,
қыз жайында не білем?
 
Саян Есжан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *