Алқымымнан жел жұлқылап,
қағынған,
Қалатүні…
(олдамендей ауырған).
Толқиды Есіл,
күндерімдей тоқтаусыз –
Толқындары
ағысынан жаңылған.
Сағым сынды
көз алдымнан бұлдырай,
Бұлт ішінде жүзеді
үнсіз мұңлық Ай…
Бұл қаланың
аспаны да жылауық –
Көзі жастан
құрғамаған құрбыдай.
Сол жаңбырмен шайылса
егер бар мұңым,
Мұңаймас та ем
мен осылай дәл бүгін…
…Қарашаның
жапырағына ұқсаған,
Қайран,
менің қалт-құлт еткен тағдырым.
Мезгілінен мезі болған бір мен бе?!
«Өмір деген – түс»
шынымен білгенге…
Сөзім өтпей
сұм жалғанға безерген,
Жырымды оқып тұрмын
өлі гүлдерге.
Бұл мекенде
талай-талай «жыр» қалды,
Бұл мекенде
талай-талай сыр қалды…
Байырғы дос –
Жалғыздықтан басқа бір,
Айтшы,
Уақыт жанымда енді кім қалды?!
…Өзімді іздеп келгем кеше…
ауылдан,
Мың адасқам,
жоғалғам һәм табылғам…
Бүгін түнге көмдім
барлық мұңымды –
Қайырлы үміт боп
келер деп таңымнан..
Саян Есжан