Мағжан Жұмабаев өлеңдері

СҮЙ, ЖАН СӘУЛЕМ

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін
Патша тағы, бүкіл дүние малына.
Құшақтатып нәзік талдай беліңнен,
Сүйгіз, сәулем, тәтті балдай тіліңнен.
Бой шымырлап, талықсиды жүрегім,
Балқып денем, барам еріп деміңнен.
Кір қойныма, қыпша белің бұралып,
Тарқат шашың, жатсын жібек оралып.
Жаным! Жаным! Тезірек тисін төске төс,
Көз жұмулы, жиі ыстық дем алып.
Шашың – қара, денең – ақ бұлт, жүзің – Ай,
Тісің – меруерт, көзің, сәулем – құралай.
Ләззат, рақат, бақыт – бәрі қойныңда,
Сұрамаймын енді ұжмақ – жақсы жай!
Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Жасағаннан бір-ақ нәрсе тілеймін:
Өтпесе түн, атпаса екен таңы да!

 

ГҮЛСІМ ХАНЫМҒА

Бота көз, сиқырлы сөз Гүлсім ханым,
Әр жерде өткізсек те өмір таңын,
Кей уақыт көзіңізге көзім түссе,
Ойнайды аласұрып неге жаным?!
Бота көз, сиқырлы сөз ханым Гүлсім,
Көктегі Күн күлмесін, Гүлсім күлсін!
Гүлсім – Күн, көкте ақырын жүзе білед,
Сүйдіріп, күйдіргенін қайдан білсін!


ЖҰЛДЫЗДЫ – ЖҮЗІК,
АЙДЫ АЛҚА ҒЫП БЕРЕЙІН

Келші, көзім, күн бетіңді көрейін,
Сүйші, сәулем, тұншығып мен өлейін.
Жет, жұлдызым, жылжып қана жібектей,
Жұлдызды – жүзік, Айды алқа ғып берейін.
Сөзің – сиқыр, есті тұман басқандай,
Ессіз жүрек дария болып тасқандай.
Күлкің, Күнім, күндей күміс табаққа
Мінсіз сұлу меруертті шашқандай.
Шашың – толқын, жүрегімнің жарына
соғылды да, батты улы зарына.
Айнам, саған арнап жырлар жазамын,
Қаламымды малып жүрек қанына.
Жырларыммен кестелейін орамал,
Бүлдіргендей бөбектайым, бетің бал.
Балға талай шыбын қонуға ұмтылар,
Ұмтылғанда орамалмен қағып қал.
Еркетайым, келсең егер қасыма,
Сәулелерден шоқ қадар ем басыңа.
Көз жасымнан меруерт тізіп берер ем,
Келші, күлмей көзден аққан жасыма.
Келші, көзім, Күн нұрына көмейін,
Сүйші – өлейін, «неге өлейін?» демейін.
Жет, жұлдызым, жылжып қана жібектей,
Жұлдызды – жүзік, Айды алқа ғып берейін!

 

АЙРЫЛҒАНДА

(Г…ге)
Бір жыл болды сені сүйдім, уладым,
Бауырыңа алдың, неге мені қумадың?
Ессізбін мен: айрылуды ерте ойлап,
Қанды жаспен көзім неге жумадым?!
Сүйдің мені, басқа жанды көрмедің,
Жасың төктің, қадіріңді білмедім.
Мөлдіреген шын меруерт жасыңнан
Садаға боп, сорлы, неге өлмедім?!
Білдім: бүгін мені тастап кетесің,
Күміс көбік Ақ Еділден өтесің.
Бота көзім, өлтіріп кет қолыңнан!
Тірі тастап кетіп мені нетесің?!
Көріскенше қош бол енді, бер қолды…
Қалтырайсың, қолым, саған не болды?..
Жазуға енді, Гүлім, халім қалмады…
Көзіме жас, жүрегіме у толды…

 

Құрметті оқырман, Мағжан ақынның басқа да өлеңдерін сайттың іздеу жүйесі арқылы таба аласыз!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *