КӨКІРЕГІМ – КӨНЕ КІТАП


Көкірегім –көне кітап.
Сұр тысты.
Қырық қазына, мың мағына –қыртысты.
Қиялым бар жетпіс түрге құбылған,
Көздеріңмен қарамашы бір түсті.
Оқымай-ақ отқа салма мені сен,
Керегіңе жарата алсаң –келісем.
Залым-сұмнан сағың сынған налаң мен
Ауырсынған жараң болса,–бөлісем.
Сыңар көзбен қарай берме сен өйтіп,
Бөлісе алам шаттығыңды – көбейтіп.
Бөлісе алам қайғы-мұңды –азайтып,
Айлы түнгі айдыныңды кеңейтіп.
Бұл кітапта саңқылдаған қыран бар,
Алып өткен Антымды аман мұрам бар.
Бұл кітапта –шырқай-шырқай шығанға
Шыңға ілініп қалатұғын бір ән бар.
Бұл кітапта даналардың сөзі бар,
Бабалардың, аналардың көзі бар.
Сазын –бұлбұл, назын жұлдыз жұптаған
Бұл кітапта арулардың өзі бар.
Арқалаған адам болсаң ар жүгін,
Өзіңменен бөлісемін барлығын.
Жел-желікпен аша көрме, тек оны,
Пенделіктің шаша көрме зәр-жынын.
Өйтер болсаң, айналамын тасқа сұр,
Қасыма кеп тамыр басып, ашпа сыр.
Бір-біріне тарс жабылып өтеді,
Сұп-сұр түсті, сұп-сұр тысты қос басыр.
Бұл кітапқа кір жұқтырман көрге енсем!
Түсін бұзбас –жапқан шапан, берген шен.
Мұны өйткені, Ел оқиды әуелі,
Елден алып Жел оқиды
өлген соң…

Светқали Нұржан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *