Жел – тым тентек бір бала,
Жан сүйгені – сар дала,
Дамыл алмай жүгіред.
Ерні өтірік қыбырлап,
Сыр айтқан боп сыбырлап,
Кейде аң боп өкіред.
Желге еш нәрсе тең емес,
Тау да жолын бөгемес,
Сақ-сақ күліп секіред.
Жүйрік желім тым сотқар,
Біреу бетін жапса егер,
Әдейі бетке түкіред.
Мазасы жоқ жел ерке,
Оянып ап тым ерте,
Жорғалай басып кетеді.
Тыныш жатқан түс көріп
Көлдің бетін кестелеп,
Оны әуре етеді.
Кәрі орманды оятып,
Бірдеңе деп жұбатып,
Жымиып күліп өтеді.
Жұрттан ойын жасырып,
Алқынып өзі асығып,
Қарақат көзге жетеді.
Дем ала алмай асығып,
Күрсініп ауыр, бас ұрып:
«Саған, сұлу сәулеге
Келдім ұшып, ғашықпын.
Бір сүюге асықпын,
Мойның бұр мендей әуреге!» –
Деді де, сүйіп көзінен,
Шашы, алма жүзінен,
Қол жіберді кеудеге.
Бақыттысың, еркежан!
Уа, дариға, Жасаған,
Жел емеспін мен неге?!
Мағжан Жұмабаев