Бөлек боп тағдыр таңбасы да ені,
Жыраққа сүйреп жол қашып еді.
Жолымыз біздің ажырағанда
Жапырағы жанның жап-жасыл еді…
Ғасырлар салып ізіңнен жеттім,
Күз уілдеп тұр…
Жүзіңнен де өптім.
Кірпігіңнен көріп тізілген көп мұң,
Мөлтілдеп барып… үзілген жоқпын.
Сезімнің сөлі сарқылмаған-ау,
Жанарда жатты жарқылдап алау.
Ғасырлап жұтқан сағыныш жасын
Қандай қиын ед алқымға қамау?!
Жиналдық зорға – сөгіліп барып,
Көңіл көбесі көмігіп тамып.
Сонша сүр-сартап сарқынды сабыр
Ұялта жаздад –төгіліп қалып.
Көңілшектенбей көңіл шектеліп,
Кеткен екенбіз шегіншек болып.
Жылдарға сіңіп жоғалған сынды
Үрпек қыз үркек келіншек теніп.
Күз жетті…
Дауыл сапырарына
Көз жетті тағы аһ ұрарына.
Ішіме жұтқан тамады жасым
Жанымның күрең жапырағына…
Светқали Нұржан