БҰЛҚЫНЫП, БҰҒАУ ҮЗГЕН ҚАРЫНДАС

 
Қорғасын құйған сақадай –
Сәулем менің салмақты.
Салыстырсам салмағын –
Қала қызы қаңбақ-ты…
Менің бауырым сызылып,
Сәнденуші еді салмақты…
Сол салмағы сор болып,
Таласта талай қор қылып,
Тістетіп еді бармақты.
Сол бауырым бұл күнде
Құр салмақпен қалмапты.
Ұшан дария ақылы
Азаттық ұранды аңдапты.
Аңдаған соң, бұлқынып,
Мал бергенге бармапты.
Көндірем деп еппенен,
Аға, жеңге арбапты…
Ақ батаны бұздың деп,
Ата-анасы қарғапты.
Қара ормандай қайраттым
Қайыспапты қарғысқа…
Арбауға құлақ салмапты.
«Мен енді азат адам,– деп,–
Сүйгеніме барам»,– деп,
Тас түлектей талпынып,
Өзіне теңді таңдапты.
Бергелі жауап жарымен
Бұрала басып, майысып
Мекемеге кіргенде,
Сызылып сөйлеп салмақтым,
Бір сөзінен танбапты.
Хабарыңды естіп осынау
Бұғау үзіп босанған,
Сүйгеніне қосылған,
Қуаныш сыймай қойнына,
Тарту қылып тойыңа,
Уыстап шашқан шашудай
Ағаң өлеңді аңдатты..
 
Мағжан Жұмабаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *