Сылдыр-сылдыр су сылдырар бұлақтан,
Тәңірі ме екен тауды-тасты жылатқан
Анда-санда көңіл айтып «Көк!» Көк!» деп,
Шығар даусы көкектің де жұбатқан.
Ертелі, кеш сыңқылдайды, жылайды.
He көксейді! Қыңқылдайды, сұрайды?
Көк жүлгемен кебелесе көбелек,
Төсін төсеп «көбешім» деп шулайды.
Сыңқылдау не? Бұлақтағы зар ма екен?
Бұлақ тілін білетін жан бар ма екен?
Сықылықтап күліп жатқан өмірге,
Әлде бұлақ бір ойнақы жан ба екен?
Жок, бұл асқар Алатаудың өлкесі,
Бұлақ соның ойнақтаған еркесі.
Бұлақтың да сырласатын жаны бар,
Онысы, анау: келе жатқан тәтесі.
Айым Жамал ақгайлақтай монтайып,
Екі көзі жылап ісіп томпайып,
Сыңқыл қағып жылап жатқан бұлақпен,
Жыласатын жанына кеп жантайып.
Жамал қыз ед, қыздың шолпан жұлдызы ед,
Шашы қолаң, қасы қара құндыз ед.
Бұршақ салып тілеп алған құдайдан,
Есекеңнің ұлқып сүйген бір қызы ед.
Есекең де бәйбішесі Динамен
Жылқы жылы қайтып кеткен дүниеден.
Малды үлесіп, үйді бұзып ағайын
Жамалды да талқылаған, сүйреген.
Өзшешесі, өз әкесі болмаса,
Өзі ұнатып сүйгеніне бармаса,
Қараңғы елде қаңғып қалған жетім қыз,
Сөгіс пе екен, сумен бірге зарласа.
Жетім Жамал тоқалдыққа сатылған,
Теперішті… көрген күндес қатыннан.
Қойнына алып Қожағұл шал жататын,
Сабадай боп күнге көннен қатырған.
Күндес қатын шағыстырса күңкілдеп,
Шал қоятын зекіп, нұқып, желкелеп,
Мөлдір көзден мөлтіл қағып меруерт жас,
Келетұғын бұлағына ертерек.
Еңіреп жүрек, майыса басып өлкелеп,
Көк шалғынды құшақтады көрпе деп.
Жұбатқандай, жылатқандай бал бұлақ,
Сылдыр қақты тәтесіне еркелеп.
Сырласқандай сырды шешіп сылдыры,
Жылатса да, жұбатса да су жыры.
Сырды, шерді, мұңды, зарды толғайтын
Сондай да бір судың бар ғой құрығы.
Сылдырлады, сыр жылады, сөгілтті,
Көздің жасын көк майсаға төгілтті.
Су сылдырап, торғай шырлап, күн сүйіп,
Жел сыбырлап ауыр ойлы жеңілтті.
Сорлы Жамал тұрды жерден «аһ!» ұрып,
Суға еңкейді жүресінен отырып.
Қолды малып, жүзіктерді ағытып,
Аузын шайды күміс сумен толтырып.
Салқын сумен жуды бетін, білегін,
Сергіткендей болды жастың жүрегін.
Салқын сылдыр сергітер деп жүректі,
Су тәтесі келетұғын күнбе-күн.
Қарап еді ауыл жаққа «Аһ!» ұрып,
Күндес қатын жұлқынып тұр шақырып.
Әке… баба… боқтап сойыл сүйретіп,
Қожағұлда шықты ауылдан ақырып.
Салқын сылдыр сергіте алмай жүрегін,
Дауыл айқай алды жастың жүрегін.
Өмірге қор, өмірге ез боп жас Жамал,
Ұялады жүрегіне тірі өлім.
Ілияс Жансүгіров