Ақын Саян Есжан өлеңдері

Үнсіздігіңді
ұғына алмадым,
Тағдыр жазуы солай ма?!
Тіл қатсаң болды,
ұғынам бәрін,
Түсінем Күнім,
қалайда…
Жоқ, әлде сынға
салғаның бе екен?
Сезімге мәңгі
Уақыт – сын…
Секемшіл сезім
алдады ме екен,
Қол бұлғап тұрып
бақыт шын?!
Алдасаң,
алда аңғал басымды,
Тек жүрегімді алдама!
Ақтарған назды
таңдарға сырды –
Жанға жұбаныш сол ғана.
…Өткен күн – елес,
анық келмесі,
Шайқалған
көлдей бүгінім…
(Ақылдың ғана
ғаріп Пендесі
болмай-ақ қойшы,
құлыным!..)
Асығып тағы
Есілге бүгін
келдім мен біреу күткендей…
Адастым ба әлде
есімнен Күнім,
…Шынымен бәрі біткен бе, ей!?
 
* * *
Сырғып жатыр мезгілмен сынап –
Уақыт,
Сезім мен Төзім
жолын жырақтатып…
Жүрегімде бар еді
бір-ақ ару,
Жүрегімде бар еді
бір-ақ бақыт…
Басқамен таптың ба екен
өмір жолын,
Жайладың ба
өзгенің сенім көгін?!
Ұштың екен қай жаққа
Бақ құсым-ау,
Жазған-ай,
кеше ғана қолымда едің?!
 
 
…Ой – солғын.
Көңіл – сынық…
Бүгін тағы,
Аулада Жел өксігі –
ымырт әні.
Ымырт әні –
жанымның мұңлы ырғағы,
Кеудемде әлденені құбылтады.
Бағым ба едің, жоқ,
әлде сорым ба едің?
Жазмыштың
тілін ұғар тегінде кім?
…Кімді іздеп жүреді екен
жас жанарың,
Кімді атап шақырады еріндерің?!
Сырғып жатыр мезгілмен сынап –
Уақыт,
Сезім мен Төзім
жолын жырақтатып…
Жүрегімде бар еді бір-ақ ару –
Қолын бұлғап кеткендей бірақ,
бақыт…
Өгей өмір көзімен өшігіп тым,
Сыздатады жанымды…
Есірік – Түн…
Жақында жүргеніңді сезсем-дағы,
Алыста қалды-ау сірә, көші үміттің?
… Шамасы, кешігіппін..

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *