N-жан, көрмегелі көп ай болды,
Сағындым, жүрегіме қасірет толды.
Ең соңғы көрісуім бақшада еді,
Қыс болды, бақша да өлді, гүлдер солды.
Жеті айда жоғалса да талай іздер,
Есімнен неге шықсын соңғы сөздер!
Күндіз-түн жатсам-тұрсам көз алдымда
Улаған жүрегімді қара көздер.
Дарияға дауыл қуып кірген кеме –
Еркі жоқ, толқын айдап жүрген кеме
Жайнаған жемісі көп бір аралға
кез келсе, тастап оны кетсін неге?!
Табылған, арал тастап, не керегі,
Кеткенде толқын оған не береді?
Дауыл мен толқын сыры белгілі ғой,
Дарияда домалатып төңкереді.
Жан едім терең теңізге ерте кірген,
Өмірде тұщы-ащыны ерте білген.
Алысып долы дауыл толқынменен,
Теңізде талай аунап төңкерілген.
Аз жаста көп сүйіп ем, сүйіліп ем,
Көп улап, көп уланып, күйініп ем.
Желдей жынды жүректің екпінінен
Майысып, сына жаздап, иіліп ем.
Өмірдің толқындары ұрған кезде,
Иманнан айрылғалы тұрған кезде,
Жасаған Жәбірәйілін жіберді ғой,
Жолықтым сен сәулеме – нәркес көзге.
Періштем ақ қанатты N-жаным,
Жаныма жарық берген алтын таңым,
Тілекке қасиетті бірге ұмтылар
Жолдасым, сен – құраным, сен – иманым.
Дариға, көрмегелі айлар өтті,
Сұм тағдыр ойға-қырға тентіретті.
Көре алмай көптен бері, сәулем, сені,
Қасірет жүректі жеп, жанға жетті.
Сұм тағдыр жапан түзге шығарды айдап,
Дауылы ұлып тұрған, бораны ойнап.
Жанамын, күңіренемін, жұбанамын,
Сенімен бірге жүрген күндерді ойлап.
Омбының у-шуы мол қаласы еді,
Салқындау апрель – май арасы еді.
Көшеге қол ұстасып шыққанымыз
Алтын Күн батуымен талас еді.
Асығып, жүрек ойнап, сыбырластық,
Қыс бойы хаттардағы сөздерді аштық.
Жүгірді қолдан қолға жасырын күш,
Тайынбай, махаббатқа қадам бастық.
Өтсе де, жеті ай тұрсын, дәл ай он бес,
Есімнен бір минут та шықпас-ау еш
Түкпірде, кең бір аулақ кабинетте,
Ішінде «Алтын мүйіз»өткізген кеш.
Ал, қалам, сол кешті жаз, бірақ қызба,
Қызсаң, қыз, орны келсе, әдеп бұзба.
Ішінде «Алтын мүйіз» отырғанда,
N-жан, кім бар еді жанымызда?
Есімде… бір қыз бар ед ойлар басқан,
Бетінің солған гүлдей қаны қашқан.
Көзқарас, күлісінде, сөздерінде
Қайғыға қайнар ашу араласқан.
Себеп не сонша түсі қашқанына?
Кім білсін, Тәңірі бағын ашпады ма?
«Сүйем!» – деп әлдебіреу сүйіп жүріп,
Жалт беріп, бейшараны тастады ма?!
Жалындап сүйе алмай һәм сүйдіре алмай,
Лебімен сүйіскенде күйдіре алмай,
Өткен бе бар өмірі тайқақтықпен,
Айтуға жүрек сырын тілі бармай?!
Қандырып сүйгеніне су бере алмай,
Тайынбай дұшпанына у бере алмай,
Жолдасы жауға шабам деп келгенде,
Қолына қанды найза, ту бере алмай,
Мінезі дәл осындай болса әгар,
(От пен су бұл жалғанда бола ма жар?)
Бір жігіт сүйіп жүріп сүймей кетсе,
N-жан, сол жігітте не айып бар?
Не десең де бұл істер саған дайын,
Несіне енді оған мен аялдайын…
Көзінен ұшқын шыққан анау қыз кім?
Белгілі: жан емес қой қарапайым!
Иірілген бұйра толқын шашы қандай,
Иығына екі жылан асылғандай.
Тұңғиық қара судай қара көздер
Қандай сыр болса дағы жасырғандай.
Қара сұр, сырға берік беті қандай,
Мінезі майда жібек, сөзі балдай.
Бал заты – у, жібек асты – тікенек пе?
Не керек, адамзатты біледі алдай!
Белгілі: болған шығар талайлар жар,
Халық тегіс жалған айтса, Тәңірісі бар.
Жардың көп болуының таңы да жоқ,
Интернациональный жүрегі бар.
Қытайдан Карпат қаша жеткен жүрек,
Карпат асып, Атласқа кеткен жүрек,
Қазақ, сарт, татар, черкес, орыс, неміс,
Француз, чех… бәрін өзі өткен жүрек.
Досы боп жігіттері Жарты Айдың,
Әнші, ақын, мүшелері құрылтайдың,
Бәрі рас, бірақ «цирк палуаны –
Соловьев!» деген сөзге нана алмаймын.
Соловьев – шикі надан, өгіз ғой нас,
Қалайша оны сүйер осындай жас?!
«Жаншылып»деген сөздің әйтеуірі
Он үште астын сызып қоюы рас.
Айтпақшы, жанымызда бар ғой «граф»,
Отыр ғой қара мұртын сылап, бұрап.
Сұлудың бір білмеген сыры болса,
Алайық біз азырақ содан сұрап.
Жүруші ед қол ұстасып күн батқанша,
Көшесін күзететін таң атқанша,
Сүйгенін қанша сөйлеп ұқтыра алмай,
Мұртына күректей боп мұз қатқанша.
«Графтай» адал көңіл адам сирек,
Айта ма сұлуға ол сөзді түйреп?!
Күрсініп, көзін сүзіп жүрген кезде,
Қадалып бір «сары маса» қойса керек.
Белгілі, «графқа» емес, жас сұлуға,
Ежелден біреу буға, біреу шуға…
Шет халық әлі жала қып жүрмесін,
Бұл «граф» өзіміздің анық тума.
Білеміз ру, тұқым, ата затын,
Өзі таныс, қонысы тағы жақын.
Елден шығып Омбыға келгеннен-ақ,
Құмар болды көтеруге «граф» атын.
Сөйлетіп қоя берсең, сөзге тақ-тақ,
Күлкісі күміс сылдыр, емес сақ-сақ.
«Философ», «экономист», «артист», «поэт» –
Қайдағы әдемі сөзді алған жаттап.
Жиында иіледі, бүгіледі,
Балаларды ойынқұмар күлдіреді.
Шөп басы қимылдаса: «Пардон, мамзель!»
Тағы да «Аля» деген сөз біледі.
«Графтың» сол сұлуды сүюі рас,
Күрсініп бір қыс бойы күюі рас.
Масаның қадалғанда қатты ызыңы
«Графтың» құлағына тиюі рас.
Бұл емес, талай ызың бұдан былай
«Графтың» құлағына тиген талай.
Сырт тұрсын, көз алдында көлбеңдейді,
Себебі, «графты» разы қылу оңай:
Сұм сұлу сағынғандай қолын беред,
Қолымен бір сиырдың тілін беред.
Бұл тілді сүйе ме екен я жей ме екен,
Оншасын «мсье», «граф» өзі білед.
Айналсын қолға, тілге, яки басқа,
Қалайда «графтардың» жөні басқа…
Бүгіліп, үңілгендей не болды екен
Дембелше жігітіміз бұйра шашқа?
Талай ел қонып, жайлап көшкен жерден,
Еркімен ерке желдер ескен жерден
Не іздеп, мұнша жабысып қалды екен
Көрісіп, есенсіз бе дескен жерден?
Иіліп, сыбырлайды құлағына,
Қарайды көзін алмай тура ғана.
Мінезін, өткен өмірін біліп алып,
Қылмақ па героина драмаға?
Дариға, драмалар, драмалар!
Толып тұр драмаға абдыралар.
Өткізген ұйқы көрмей есіл түндер
Құрысын! Тірі жан жоқ оқуға алар!
Тағы да есебі жоқ комедия,
Жетті екен бәріне қалай қара сия?!
Дүниеде драматург ат бермесең,
Қыла гөр ақиретте жүзін зия.
Жасаған дұғам осы жолдас үшін,
Жолдасым қараса да жарып ішім…
Есіме жолдастарды аламын деп,
Ұмытып кете жаздым ғой «Мүйіз» ішін.
Болған соң сол төртеумен жақын жолдас,
Деп ойлап, есіме алдым, ашуланбас.
Құрбының құрбы әзілін көтермек қой,
Ашуланса, бастары да аман болмас…
Отырдық жақын, қатар тізе тиіп,
Денеге у жайылып, қызып, күйіп.
Жұрт көзі екеумізден ауған кезде,
Қойып ем бауырыма қысып-сүйіп.
Қашанда махаббатты көз бастайды,
Білдірмей, ыстық қысып, қол қостайды.
Жалындап асығыстықпен сүйіскенге,
Көз-қолың – біреуі де ұйқаспайды.
Ойнайды аласұрып қаның қандай,
Жүрегің сол минутта жарылғандай!
Көзіңде от аралас жас мөлдіреп,
Сенделіп тұрғандайсың халің қалмай.
Миыңа ешбір бөтен ой кірмейді,
Көзіңе ешбір нәрсе көрінбейді.
Ақ беті бір ағарып, бір қызарып,
Жас жарың жас киіктей дірілдейді.
Сол кеште, әлі есімде, N-жаным,
Аузыңнан дәл осылай бал алғаным.
Кім бірақ тояр кәусар шарабына,
Мен дағы сол балыңа қана алмадым..
Мағжан Жұмабаев