Өтеді өмір –
Жүрекке шер байланды,
Өтеді өмір –
Жүрек көмірге айналды.
Өтеді өмір,
Бітеді жыр. Жүрек – күл.
Жырсыз жырау,
Тиіп қырау – солды гүл.
Бұлбұл гүлсіз,
Бұлбұл үнсіз – жай бір құс.
Айсыз, Күнсіз,
«Гүлсіз», үнсіз – өмір бос!
Бота көзді,
Жібек сөзді ғарышқа
Кетті ұшып,
Зарды құшып алыста
Қалдым жалғыз,
Тірі жансыз, күңіренем.
Шер шегемін,
Кеңесемін мұңменен.
Досым жырақ,
Сөнді шырақ.
Сөнемін.
Сөнеді Ай,
Мен де ұзамай өлемін.
Батады Ай,
Батады ой. Мен батам.
Кірсіз Айым,
Еркетайым, ақ батам:
Өмір – сағым,
Сен, қарағым, сағым қу.
Сағым сумен,
Алтын бумен жаның жу!
Өмір – дала,
Сен – бір бала, сайран ет,
Гүлдер жиып,
Сәуле сүйіп, ойнап өт!
Қырға шықсаң,
Тілін ұқсаң, жел жылар.
Жел жыламас,
Жер жыламас, ел жылар.
Күні батып,
Қайғы батып, ел жылар.
Ерке бала,
Сен де жыла, шегіп зар.
Жоқ, жылама,
Зар сұрама, күл, Күнім!
Ой деген не?
Оны білме сен, Гүлім!..
Мен де жас ем,
Мен де мас ем, жел едім.
Өтті өмір,
Жүрек – көмір. Өлемін..
Мағжан Жұмабаев