ӘЖЕ

 
Сығырайған көзі көрінбей
Томар-томар былшықтан,
Отырса, бойы аспайды
Қолындағы ұршықтан.
Алдындағы көженің
Көрінбес беті қылшықтан.
Көжесін татпай әженің,
Жан болмайды құр шыққан.
Көжесін қойшы, кеңесін
Тыңдамай үйден кім шыққан?!
Сендер де тыңда, тентектер,
Тыйылып біраз шолжақтан.
Ертегі айтса, ұршығын
Ұмытып әжең кетеді.
Жерде жатқан жүнді алып,
Қайта-қайта түтеді.
Су сепкендей сап болып,
Тоқтайды сонда жөтелі.
Былшықтан көзі жылтырап,
Ту арқаңнан өтеді.
Ал кіріссе ертекке,
Басы қалт-қалт етеді:
«Ертек-ертек, ерте екен…» –
Аузы балп-балп етеді.
«Ерте, ерте, ерте екен…
Тыңда енді ал, шырақ!
…Сұр мергенде болыпты
Сүліктей бедеу бір сұр ат…»
Қоя қойды Кенжетай
Жылаған жаңа нан сұрап.
Тыңдап отыр тентектер
Алма беті албырап,
Ауыздары аңқиып,
Сілекейі салбырап.
Қалғып бірақ барады
Кенжетай тентек маужырап.
 
Мағжан Жұмабаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *