…ҒА

 

Мейірімсіз тағдыр құрған торға түсіп,
Жапанда жатыр едік біз оққа ұшып,
Кеудеден таза ыстық қан сорғалап,
Қайрымсыз қара салқын жерді құшып;
Айрылып алтын ерік, ар-намыстан,
Қайрылмай қанат қағып бақ құсы ұшып,
Тас жүрек, көңілі қара жауыз жаудың
Қолынан құлдық, қорлық уын ішіп;
Жан таппай төңіректен жәрдем қылар,
Өмірден енді алдағы үміт кесіп,
Қайратты ер, сын-бәйгеге тігіп басың,
Сол кезде ауыр жолға қадам бастың –
Құтқарып келімсектен, тірілтпекке
Көз жетпес кең, бай Сібір сар даласын.
Ұмтылған ізгі жолда тілегіңе,
Түссе де темір шынжыр білегіңе,
Қасіретті, қара күнде жанды сүйген
Қонған жоқ кіршік таза жүрегіңе.
Сол жолда қайғы жұтқан бізді көрдің,
Бауырдай бірге туған қолың бердің –
Есіркеп, жаның ашып, жақын тартып,
Жазуға сыртқы, ішкі қалың шерден.
Баладай еркелеткен қолыңа алдың,
Жұбаттың, еске салып өткенді алтын.
Тіледің таза жүрек, ақ көңілмен
Болсын деп баяғыдай жүзің жарқын.
Ардақты ер! Ұмытылмас еткен ісің,
Күні ертең айбынды алаш жинап есін,
Көксеген көп заманнан тілегіңді
Жарыққа шығаруға жұмсар күшін!

Мағжан Жұмабаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *