Жарықтық Сәрсен ақсақал,
Жуан қарын, тап-тапал
Асырады бір төбет.
Тырбиған түрін көрсе де,
Шамасы кемін білсе де,
Ойы болды: «Кім білед!..»
Қушық шеке, қайқы бел,
Жуан қарын сызып жер,
Тып-тып төбет жүреді.
«Қарны толған өнер!– деп,–
Қолынан бір не келер!» – деп,
Мұртынан Сәрсен күледі.
Көрінгенге жалпылдап,
Дамыл алмай барқылдап
Үргенін көріп, қуанды.
«Бар,– деп,– мықты төбетім,
Кім бар маған келетін!» –
Білекті Сәрсен сыбанды.
Жүргенде Сәрсен қуанып,
Уақыт күзге таянып,
Қараңғы бір түн болды.
Төбетке Сәрсен ас берді,
Үйін-күйін тапсырды,
Төбетке бір сын болды.
Сабалақ жүні жалпылдап,
Бет алдына барқылдап,
Үріп төбет жүр еді.
Күн де еркін батпай-ақ,
Сәрсекем де жатпай-ақ,
Қотанға құйын келеді.
Көріп, келген құйынды,
Тас түйін боп жиынды,
Дүркіреп қойлар үркеді.
Үріккен қойда жұмыс жоқ,
Төбетте дән дыбыс жоқ,
Тапты тапал күркені.
Үріккен қойды дүркіреп
Көріп Сәрсен күркілдеп,
Қотанға қарай жүгірді.
Қараса қайтып күркені,
Бұғып жатыр шіркіні,
Төбетінен түңілді.
Жабыны тұлпар қылам деп,
Қарғаны сұңқар қылам деп,
Талайдың ісі шала ғой.
Не дейін есіл сақалға,
Жуан қарын тапалға
Сенген Сәрсен – бала ғой!
М. Жұмабаев