ТІРІЛДІМ

Сансыз күндер ой астына көмілдім,
Қор болып ем көңілін таппай көңілдің.
Жаспен жасып, оймен азып-тозып ем,
Өліп едім, бүгін тағы тірілдім.
Жаным өлік еді, жанға жан кірді,
Тамыр кеуіп еді, ыстық қан жүгірді.
Жиегінде қорғасындай көгімнің
Бүгін ғана бақыт таңы білінді.
Бүгін маған жұмаққа өмір жол болды,
Бүгін менің құшағымда Ол болды.
Оны құштым, шарап іштім, шат едім,
Бүгін менің құшағымда Гүл болды.
Бүгін менің құшағымда кім болды?
Бүгін менің құшағымда Гүл болды.
Бүгінгі түн маған алтын Күн еді,
Бүгін менің құшағымда Күн болды.
Өзім ғана білем қандай жан құштым,
Жер құшпадым, шаң құшпадым, таң құштым.
Жанды жуып, жүрегімді жаңалап,
Бүгінгі күн тән құшпадым, жан құштым.
Бүгінгі күн тән құшпадым, жан құштым,
Жанды құштым, таңды құштым, көкке ұштым.
«Сүйем!» – деді бота көзі мөлдіреп,
Жасын төкті, жасын іштім, бал іштім.
«Көкке ұмтылам, әттең, дүние, аяғым!..
Болса аяғым, алып Мұса таяғын,
Кетер едім Тәңірі іздеп, Тор іздеп,
Жан жарым деп Сарыарқаның саяғын…» –
Деп сыбырлады алма ерні елбіреп,
Бота көзде ыстық жасы мөлдіреп.
Жиылған жас төгілмейін тұра ма,
Жас төгілді, тілініп жүрек, елжіреп.
Өкси-өкси: «Сүйем, сен де сүй!» – деді,
«Өмір бойы күйем, сен де күй!» – деді.
«Сеніменен жаным бірге, жан жарым,
Сен де «жан!» де, ессіз қанды тый!» – деді.
Ол жылды, мен де бірге жыладым,
Өкси-өкси: «Сүй ғана!» – деп сұрадым.
Көп жыладым, сол ыстық көз жасымен
Алдағы өмір жолын таптым, мұрадын.
Жиырма жеті жыл жүрекке берілдім,
Түнін көрмей, күнін көріп өмірдің.
Екі жаспен жуып алдым жанымды,
Өлген жерден бүгін мәңгі тірілдім!

Мағжан Жұмабаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *