Күлдей күңгірт шашы бар,
Тоқсан бесте жасы бар,
Көз дегенің – сұп-сұр көр.
Тасбиқ санап бүгіліп,
Жерге қарап үңіліп,
Көрше ауыр күрсінер
Менің бір қарт анам бар,
Неге екенін білмеймін,
Сол анамды сүйемін!
Көзінде көк нұры жоқ,
Аузында жұмақ жыры жоқ,
Жалынсыз, усыз құшағы,
Иірілмейді жыландай,
Сөзі де жоқ құрандай,
Білгені – қазан-ошағы,
Жабайы ғана жарым бар,
Неге екенін білмеймін,
Сол жарымды сүйемін!
Ұйқы басқан қабағын,
Бастыра киген тымағын,
Жалқаулықты жар көрген,
Жүрген ескі заңымен,
Алдындағы малымен
Бірге жусап, бірге өрген
Алаш деген елім бар,
Неге екенін білмеймін,
Сол елімді сүйемін!
Сағымы сайран құрады,
Бораны ұлып тұрады,
Қыс – ақ кебін, жаз – сары,
Орманы жоқ, шуы жоқ,
Тауы да жоқ, суы жоқ,
Мәңгі өлік сахарасы
Сарыарқа деген жерім бар,
Неге екенін білмеймін,
Сол Арқамды сүйемін!
Мағжан Жұмабаев