ОРАЛ

 
Ұзын Орал – күн мен түн шекарасы,
Бір жағы – күн, бір жағы – түн баласы.
Арғы жағы – көк көзді жын ұясы,
Бергі жағы – Түріктің сар даласы.
Асқар Орал – кәрі Алып күзет тұрған,
Күн мен түн арасында «Қытай қорған».
Денесі – тас, қарағай – қою мұрты,
Оң мен сол, түстікке ол мұртын бұрған.
Қарамай еш нәрсеге көзім тоқтап,
Келіп ем алыбымды аңсап-жоқтап.
«Ұйқы – дұшпан» деген сөз дұрыс екен,
Сол Алыптан өтіппін түнде ұйықтап.
Кеш, Алыбым, жүзіңді көре алмадым,
Алдыңда иіліп сәлем бере алмадым.
Амал не, сар даладан сақ елші боп
Күзеттегі Алыпқа келе алмадым.
Ұзын Орал – күн мен түн шекарасы,
Өлім – түн, өмір – гүлді Гун даласы.
Өмір менен өлімнің шекарасын
Ұйқтап озбақ ежелден жер баласы.
Екі дүние: күн мен түн, өмір – өлім,
Бірі – бесік, біреуі – даяр көрің.
Бала болып жата бер бесігіңде,
Сар даланың еркесі – қазақ елім
 
Мағжан Жұмабаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *