МЕН СОРЛЫ


(Шәкірттің зары)
Талайсыз, бақсыз мен сорлы,
Бір ісім оңға бармаған.
Мен не жаздым о ғұрлы,
Тәңірі мұнша қарғаған?
Талпындым, түстім ізіне,
Оңдалмады бір ісім.
Қарамай құлың жүзіне,
Алла-ау, көрсеттің қысым.
Бел будым, түстім әр жолға,
Тілегім қайтсем табам деп.
Қарамадым оң-солға,
Тілегім үшін шабам деп.
Не қылсам да түспеді
Уысыма қуғаным.
Жібермеді, күштеді
Жақын бауыр, туғаным.
Таласқа салды жиғанын,
Барын, арын аямай.
Оқуға бермей – тыйғанын,
Алды-артына қарамай.
Білім іздеп сусаған
Жылайды пендең алдыңда.
Мейірі кең Жасаған,
Құралақан қалдым ба?..

Мағжан Жұмабаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *