Қажыдым енді, күш бітті,
Көңілсіз, салқын, күн бұлтты,
Жел бұйығып тербелед,
Әлдекімнің өлгенін,
Оны қалай көмгенін
Әңгіме ғып күңіренед.
Жел, күңіренбе, жасың тый,
Өлім күйі – тәтті күй,
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!
Қара орманның шетінде,
Нағыз желдің өтінде
Өскен жалғыз жас қайың.
Былқ-сылқ етіп билеген,
Сылдыр-сылдыр күйлеген,
Болсын онда не уайым.
Сол жас қайың құлапты,
Жанында жел жылапты,
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле.
Қолына ала ту алып,
Қылышын қанға суарып,
Тау суындай тасыған,
Қарақат көзін қан жауып,
Қабағынан қар жауып,
Ойын салған жас ұлан –
Майданда ұлан қайтыпты,
Жел иманын айтыпты…
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!
Әлдеқайда бетпақ шөл,
Бетпақ шөлде жалғыз жол,
Сол жолменен жалғыз жан
Түн бойы талмай жүріпті,
Табанын тастар тіліпті,
Келгенде атып алтын таң,
Сорлы, шөлде өліпті,
Жел құмменен көміпті,
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!
Бетінен алма қан тамған,
Тілінен тәтті бал тамған,
Бұйра толқын шашы бар,
Күлкісі меруерт шашылған,
Өзі – гүл жаңа ашылған,
Дәл он бесте жасы бар –
Сұлу көз жас төгіпті,
Тұншығып жасқа өліпті…
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!
Талпынған жаңа нәресте,
Ақ қанатты періште,
Былдырлаған бұлақтай,
Көрінген жанды күлдірген,
Жаңа піскен бүлдірген,
Балауса нәзік құрақтай,
Қайтыпты қозы көз тиіп,
Бетінен кейде жел сүйіп…
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!
Алыста айдын шалқыған,
Көбігі меруерт балқыған.
Сол айдынның астында
Бар екен алпыс ақ отау,
Алтын уық, жібек бау.
Бәрі он алты жасында –
Отау сайын толқын шаш,
Толқын шаштар жалаңаш…
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!
Жаңа піскен балдырған,
Сүйсе, мейір қандырған,
Айдынға барып түсіпті.
Отауларды аралап,
Жас жүрегін жаралап,
Сұлуларды құшыпты.
Құшыпты да өліпті,
Жел толқыннан біліпті…
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!
Балдырғанмен бастасып,
Сұлумен қол ұстасып,
Жас ұланмен жолдас боп,
Жас қайыңды қолға алып,
Баланы сүйіп бір қанып,
Жолаушымен мұңдас боп,
Мен де тезірек өлейін,
Әлі жаспын демейін,
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!
Бетімнен тәтті бір сүйіп,
Алдыңа алшы әлдилеп,
Келші, өлім, тезірек.
Жан ұшудан тоқтады,
Жынданып енді соқпайды
Кешегі асау жас жүрек.
Бетімнен тәтті бір сүйіп,
Алдыңа алшы әлдилеп…
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле
М. Жұмабаев