Махаббат – бір тікенек,
Жүрекке барып қадалар.
Бақытсыз ғой бұл жүрек,
Тамшылап одан қан ағар.
Тез жазылмақ бұл жара,
Бал тілімен сүйсе жар.
Сүймесе жар, дариға,
Өлер жүрек, қансырар.
Махаббат – бір тәтті у,
Ішер жүрек, болар мас.
Дүниедегі у мен шу
Мас жүректі оятпас.
Махаббат – бір тәтті у,
Ішер жүрек, төгер жас!
«Сүйем» боп сөзің,
Мөлдіреп көзің,
Тақадың сен бетке бет.
Айрылдың естен,
Күндізгі күштен,
Тиіп ыстық етке ет…
Ұшуға іңкәр
Тұра ма тұлпар
Бір жерде ылғи шаң жұтып?!
Жел едім, ұштым,
Талайды құштым,
Кетіппін сені ұмытып.
Бүгін сен көріп,
Қолыңды беріп,
Қайғыменен қарайсың:
«Сендім мен жазған,
Сүйгенің жалған,
Алдадың!» – деп жылайсың.
Алдағаным жоқ,
Арбағаным жоқ,
Сен сөзіме, сұлу қыз!
Тап сол сағат
Сүйгенім хақ,
Куә мынау көп жұлдыз!