КҮМІС НҰРЛЫ АЙ

 

Күміс нұрлы Ай. Жұлдыздар – алмас, жібек жел,
Сыбырласып жас қайыңдар бұраң бел…
«Қан қайнады. Жас жүрегім ойнады,
Бір сүйейін! Жақында, жаным, бері кел!»
«Сен сүйерсің, мен күйермін, жанармын,
Құшақтарсың – мен есімнен танармын.
Өлеңдетіп, жүйрікке мініп кетерсің,
Жүрегімде от, жылай-жылай қалармын!»
«Сүйші, сүй!» – деп сыбырлап тұр жас терек,
«Құшақта!» – деп асығып тұр жас жүрек.
«Ұйқы көрмей, жүйрігімді жаратып,
Келіп тұрмын, енді, сәулем, не керек?»
«Түсу қиын ұшар құстың ізіне,
Сене алмаймын жас теректің сөзіне.
Бірақ, сәулем, ерігендей боламын,
Бойым балқып, көзім түссе көзіңе!»
«Ыстық құшақ, отты сүйіс, балды тіл…
Бірдеңе деп күбірлейді жібек жел.
Бұл – жастық қой, жасыра гөр, жібегім,
Айтып қойсаң, амал қанша… өзің біл!»

Мағжан Жұмабаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *