ЖАС СҰЛУҒА

 

Мен ақынмын – ағынмын,
Сылдыраймын, сүйемін.
Мен ақынмын – жалынмын,
Шапшып көкке тиемін.
Қарақат көзің мөлдіреп,
Көп қарама, жас сұлу.
Сылдырап сипап, сүйген боп,
Алып кетер ағын су.
Алма ернің елбіреп,
«Сүйші, сүй» деп жалынба!
Отты ойыншы, дос біліп,
Жақындама жалынға!
Мен ақынмын – жел жүйрік,
Гуілдеймін, ұшамын.
Мен – ойыншы көбелек,
Көрінген гүлді құшамын.
Бүлдірген бетің сұрланып,
Желге сенбе, жас бала!
Сыбырлар, кетер ұрланып,
Шын жары оның – сар дала.
Көбелекке «кел!» деме
(Елжіреу сонша не керек?).
Кетер ұшып өңгеге,
Балыңнан татса көбелек.
Мен ақынмын, жырлаймын,
Жүрекке жүйрік жел кірсе.
Мен ақынмын, жылаймын,
Жүрекке ауыр шер кірсе.
Жаншыларсың, жыларсың,
Құшақтама белімнен.
Жас денеңді улармын,
Сүйгізбеші тіліңнен.
Жас періштем, сұлу қыз,
Сүймеші, сүйме, сұраймын!
Мен ақынмын тұрлаусыз,
Жырлаймын да жылаймын!

Мағжан Жұмабаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *