ЖАЗҒЫ ЖОЛДА


Дала. Дала. Сар дала!
Жапан түзде бір қара –
Келем жалғыз, жаяумын.
Жаныма ерген жолдас жоқ,
Төрт жағым дала – жер де көк,
Жылауға да таяумын.
Шілде. Оттай ыстық күн.
Дала – өлік. Жоқ бір үн.
Жер де жатыр тұншығып.
Жол жыландай иірілед,
Шаң ерініп үйірілед.
Ешбір леп жоқ, тып-тымық.
Көкте жалғыз бұлт жоқ,
Көктің түсі қызғылт көк.
Дүниені тылсым билеген.
Ыңыранғандай әлдекім,
Жылай ма екен әлде жын?
Перілер ме күйлеген?
Созылып ұйықтап бел жатыр,
Төсін керіп көл жатыр
Тыныш, тәтті түс көріп.
Суға – айнаға қаранып,
Салқынша леппен таранып,
Қамыс та тұр тербеліп.
Толқынға толды төрт жағым,
Әлде жүзген бұл сағым
Көл ме? Көшкен шаһар ма?
Мұз көк темір киініп,
Найзасын көкте үйіріп,
Әскер жауға шабар ма?
Ақ бұлттар тұр жусап,
Күңіренеді жер сусап,
Алыстан ақырын Күн күлед.
Қызыл жүзді гүлдерді,
Бұраңдаған белдерді
Сүйемін деп күйдіред.
Айнала – өлім, ешбір үн…
Жапан түзде жалғызбын.
Перісі неге келмейді?..
Денесі аппақ, жалаңаш,
Көкпеңбек көз, сары шаш
Сақ-сақ неге күлмейді?
Сыбдыр-сыбдыр жүргендей,
Сылқ-сылқ қана күлгендей,
Көрінбей неге билейді?!
Жібектей жетпіс оралып,
Жыландай жүзге бұралып,
Бетімнен неге сүймейді?!
Жол жыландай иірілед,
Шаң ерініп үйірілед,
Ешбір леп жоқ, тып-тымық.
Аңсап, есім жия алмай,
Көзімнің жасын тыя алмай,
Өлсем екен тұншығып!

Мағжан Жұмабаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *