ГҮЛСІМГЕ

 

Жұмақтағы жібек желден,
Мәңгі жайнап тұрған гүлден
Жаратылған әйел сұлу!
Тұрмыс деген бір тұзаққа,
Азға емес, тым ұзаққа
Кез болыпты – ішіпті у.
Әйел атын Гүлсім дейді,
Тұрмыс атын тылсым дейді.
Жұмақтағы кәусар судан,
Бетіндегі алтын будан,
Періштелердің жырынан,
Жұмақ суы сылдырынан,
Жапырағының сыбдырынан,
Тәңірінің дәл өз нұрынан
Жаратылған періште еді,
Мекені оның ғарышта еді.
Алмас қанат періште еді,
Мекені оның ғарышта еді,
Жерді көрді қанға батқан.
Жүрегіне қанжар кіріп,
Жапан түзде аңдай ұлып,
Елді көрді зарлап жатқан.
Елді көрді – жерге түсті,
Жерге түсті – көрге түсті.
Елді көрді – жерге түсті,
Қақты қанат, кезді, ұшты,
Кім зарласа, соны сүйді.
Күлгенменен бірге күліп,
Өлгенменен бірге өліп,
Күйгенменен бірге күйді.
Жабыққанға жәрдем етті,
Қара да, ақ та теңіз өтті.
Алдап, меруерт көбік шашар,
«Кел,– деп,– бері!», қойнын ашар
Тұрмыс – теңіз бір тұңғиық.
Теңізге кім басар қадам,
Басса, басар оған адам
Жанын сатып, жанын қиып!
Тұрмыс – теңіз сылқ-сылқ күлді,
Сұлу суға кірді де өлді.
Өлді сұлу – өтті жылдар,
Өлді сұлу – бітті жырлар,
Жалғыз ерте кешкі таңмен,
Қанды жерге көзін салып,
Көкті ойлап күйіп-жанып,
Қоңырлатқан мұңды әнмен
Ұшады екен қанат қағып,
Көзінен ыстық жасы тамып.
Жан толқытар жыр іздеген,
Әдемілік нұр іздеген,
Қиял құлы – мен бір ақын.
Тұрмыста тар, тайғақ жолға,
Түсіп келе жатып орға,
Күні кеше кешке жақын
Батқан күннің таңын көрдім,
Сол сұлудың жанын көрдім.
Күні кеше жанның жырын,
Жүзіндегі жұмақ нұрын
Естіп, көріп, елжіредім.
Жан-жүрегім, қолым беріп,
Қан аралас жасым төгіп:
«Жолым баста, келші!» – дедім.
Қайырылып та қарамады,
Жас жүрегім жаралады…
«Мен бір жанмын өлген,– деді,
Періштелер көмген!» – деді,
Бір қарады, кете барды.
Жүзіндегі жұмақ нұры,
Аузындағы мұңды жыры
Жүрегіме сіңіп қалды.
Жүрегімнен кетпес бұл жыр,
Құбылса да мыңға өмір.
Періштелер лебізінен,
Шын махаббат теңізінен
Жаратылған әйел сұлу!
Тұрмыс деген бір тұзаққа,
Азға емес, тым ұзаққа
Кез болыпты – ішіпті у!
Әйел атын Гүлсім дейді,
Тұрмыс атын тылсым дейді..

Мағжан Жұмабаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *