Бір күні, ерте оянып, жаттым ойлап,
Көп шыбын өрмелеген уық бойлап,
Ұшқан боп жақындасып бір-біріне,
Тайдырып, орнын қозғап, түртіп ойнап.
Қарадым, қалың тұман ойға түстім,
Уыққа қарауымды дереу кестім.
Шыбындай бір-бірімен талас қылған
Адамзат баласына енді көштім:
«Япыр-ай, осындай-ау адам дағы,
Бірі күшті, біреуі жаман дағы.
Күштісі әлімжеттік қылғаннан соң,
Дүние де жақсылықтан аман дағы.
Күшсіздер, сорлыларға атар таң жоқ.
Көрінген бақ-дәулеттен ұшқан шаң жоқ.
Жиғаны, бар тапқаны – басқанікі,
Керек десе, тәнінде жалғыз қан жоқ!» –
Деп ойлап, қалың ойда жатыр едім,
Көп ойлап, ой дәмінен татып едім.
Естілді үй сыртынан апам даусы:
«Ноқта апар, неғып тұрмай, жатып едің?».
Төсектен мең-зең болып әрең тұрдым,
Ноқта алып, желі жаққа қарай жүрдім.
«Күшсіздер, сорлыларға атар таң жоқ!» –
Деп ойлап, баяғы ойға қайта кірдім.
Қыздырып Күн, ойлауға ерік бермеді,
Мал шулап, ойлауымды еп көрмеді.
«Күшсіздер де тырыссын, қатар болсын!
Таста енді жоқ ойды»,– деп қол сермеді!
Мағжан Жұмабаев