БЕРНИЯЗҒА

 
…Ұлан өлді батып қанға,
Тыныштық тапты асау жан да.
Өмір – дала, ақын – бала қаңғырған,
Жан сусынын көз жасымен қандырған.
Ақын – бөбек, өмір – көбік, тылсым-ды
Ойнап, арбап, бөбекті естен тандырған.
Күңіренеді кеңес айтып қария,
Әлдеқайда жер шетінде дария:
Тұңғиықтың түбі толған тамаша,
Дарияның сыры жоқ қой жария.
Дарияның астында – алпыс ақ отау,
Ақ отаулар алтын уық, жібек бау.
Отау сайын судай сұлу толқын шаш,
Толқын тербеп: «Әлди, әлди!» – дейді бау.
Әлди, әлди, тербеледі ордалар,
Ордаларда өңшең сұлу ән салар.
Сұлу жанның күлкісі де сиқыр ғой,
Күлкілері көбік болып жорғалар.
Көрінсе егер сонау күміс күлкілер,
Жас ұланның жүрегін жүз тілгілер.
Шерлі ұланның көріп суға шомғанын,
Мылқау жартас: «Жынды ма әлде?!» – деп күлер.
Кеңес айтып күңіренеді бір күні,
Есімде жоқ, әйтеуір сол бір күні:
Майдан құрып, қарсыласқан екі жау,
Таудай мылқау, бірінің де жоқ үні.
Екі жаудың біреуі – өлім, бірі – өмір,
Бір-біріне қайрасады тіс шықыр.
Бір мезгілде жаны жалын жас ұлан
Әлдеқайдан қан майданға келіп тұр.
Жап-жас бала келе сала, қабағын
түйіп, тартқан екі жаққа садағын.
Тастан қайтқан оғы тиіп өзіне,
Қан майданда қайтыс болған қарағым!
Ұлан өлген, мұны көрген екі жау:
«Мына ұланның емес, сірә, дені сау,–
деді дағы, ішегі қатып күлісті,–
Әй, есалаң!.. Ха-ха, ха-ха, ха-ха-ау!»
Жаны жалын, жаны шерлі жеткіншек,
Күлсін саған, сөксін мейлі көк есек.
Мен сөкпеймін сені, сонау толқынмен
Қан майданға неге ғана кірдің деп.
Мен күңіренем, улы ойлар кеп басыма,
Жырласаң ед шомылып көз жасыңа:
Тұңғиықтың түбіндегі тамаша
Өзі-ақ көшіп келмес пе еді қасыңа…
Өмір, өлім – мәңгі аңдысқан екі жау,
Екі жауды бауыр қылар жыр бар-ау.
Сол жыр таппай, садақ тартпай, сабыр ғып,
Қан майданда күңіренсең еді, сор бала-ау!
Ойлаймын да, өкінемін ғапылдығыңа,
Жаным сеніп еді жақындығыңа…
Жастай сөнген жалын жанды жеткіншек,
Күнәң ауыр, кешем ақындығыңа.
Өмір – дала, ақын – бала қаңғырған,
Жан сусынын көз жасымен қандырған.
Ақын – бөбек, өмір – көбік, тылсым-ды
Ойнап, арбап, бөбекті естен тандырған.
Мағжан Жұмабаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *