ШАЙЫРДЫҢ ШАБЫТСЫЗ ШАҒЫ


Тағы да қаламыма сайтан сарын,
Бір өлең жаза алмадым сойқан салып.
Жеріген төсегінен жезөкшедей,
Келмеді бүгін тағы сайқал шабыт.
Бір өлең жаза алмадым бүгін емге,
Түгі жоқ бедеу түннен түңілем бе?!
Кез болып қалам ба деп шабыт сені.
Іздедім бөтелкенің түбінен де.
Шалдығып, шарап ішіп басы ауырған,
Шайырды емдер болсаң, бүгін емде?..
Шабытсыз болып қалып қуыс кеуде,
Сені іздеп барға барып у ішкенде.
Мен талай сен келер деп алаңдадым,
Бокалдар сыңғыр қағып түйіскенде,
Түйісіп, бір-бірімен сүйіскенде.
Ақын ем өлеңге артқан базынасын,
Маңдайға қашан енді жазыласың.
Миымнан мың сан ойлар ұшып кетті,
Өзіңді күте-күте қажығасын.
Ей, шабыт, шының ба бұл, ойының ба?
Өзенге жоқ-ау сенің тойымың да…
Тағы да сойқан салып, сайқал шабыт,
Жатырсың қай ақынның қойынында?!

Табылды Досымов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *