Түске дейін – қызыл көйлек, түстен кейін – көк көйлек,
Ойламаңыз ол кездері Жұмекештер көп қой деп.
Заман да сол құбылмалы: кеше қызыл, бүгін көк,
Көз алдымда лапылдайды қызыл-жасыл шоқтай боп.
Сол Жұмекеш апам еді, адай еді «айыбы»,
Тербелді оның көңілінде – Жайығында қайығы…
Маңғыстаулық Ақбөбектің жан досы еді сол апам,
Ғашық болған Ақбөбекке Қорабайдың Қайыбы.
Әнге сыймас Ару-Бөбек Иран асып кетті, өлді,
Ең алғашқы кәмпескеде адай қысым көп көрді.
Ал Жұмекеш Нұрмағамбет деген байдың қызы еді ол,
Бай тұқымы біздің жаққа «аткәшәунік» боп келді.
Лак жағылған туфлидің қос тағасы сыртылдап,
Хиуада соқтыратын ай сырғасы жарқылдап.
Индербордың көшесінде апам келе жататын,
Ақ шарықты төбесінде, әдіптелген алтындап.
Сөйлеп кетсе табатұғын қара сөздің жүйесін,
Паңдық біткен бай қызына амалсыз бас иесің.
Шал үстінен шалға тиіп алпыс тоғыз жасында,
Сағиденге әкелді екен қанша байдың түйесін.
Мәтөк кемпір келе жатыр деп күлер-ау кіл жаман,
Қарға бойлы қазақпыз ғой ыржалаң да ыржалаң.
Жылдар өлді, ғасыр келді, бірақ та сол баяғы,
Жұмекештің көйлегіндей құбылады бұл заман.