БАБЫР САЗЫ


(Үш буынды топтама)
ХV-ХVІ ғасырларда өткен өзбек халқының шайыры, Шығыс сөз зергерлерінің бірі БАБЫР ЗАХИРИДИННІҢ туған еліне деген сағынышты сезімдері.
1. ГӘЗЕЛ
Күміс күнге кеудесін ашып күлген,
Кең арналы өзенге ғашықпын мен.
Ақ сағымға оранған айдаланың,
Айдарынан келеді аймалағым.
Боз далада бұйыққан бұйрат құмдар,
Биік арман жаныма сыйлаттыңдар.
Өзің барда өркенді ел – көк терегім,
Мен ешкімге келмейді өкпелегім.
Қараша үйге кетсем бір амандасып,
Бір сұлуы бар еді маған ғашық…
2. ҚЫТЬӘ
Сарғайса көңіл зарығып,
Сағыныш отын баса алмай.
Бұлқынып ақын жүрегі,
Атойлап таулар асаудай.
Шалқыса көңіл қамығып,
Қапыда мұңға батармын.
Шерімді менің бөлісіп,
Дір етер ішегі дутардың.
Қалқыса көңіл шаттанып,
Оянар шабыт бойдағы.
Сарығып туған сары өлең –
Сағынышымның айғағы…
3. ФАРД
Сарғаяды, бәрі де көнереді,
Көнермейді ақынның тек өлеңі…

Табылды Досымов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *