Бостандық болғаннан бері жұрттың көзі ашылып, қайда болса да ынтымақ, бірлік табылып, қалың қазақ ішіне береке ұйтқысы орнағандай болып тұр еді. Қазақтан басқа ел қағынып, жүгенсіздік ұлғайып, азаматтарының соңына ерген жұртты арамза қулары азғырып, адастырып тұр еді. Бізден де ұяттан кеткен, ардан безген арамзалар шығып, газет таратқан болып, ел ішіне әрекет шашқалы жүр. «Алаштың» туын ұстаған, асқар белдей ерлерімізді жынданған итке ұқсап, арамзалар қаппақ болып, жынын құсып, уын шашып жүр. Түрі адамға ұқсағанмен пікірі айуан сияқты адамдар. «Үш жүздің» партиясы» деп атақ байланып, ел ұйтқысы болған «Алаш» партиясының адамдарын арам аузымен былғамақ болып жүр. Төрт аяқты қасқырға астыртын у салушы еді, ал оған деген у мынау:
«Үш жүз» партиясы — анық содырлы-сойқанды, жүзі қаралар партиясы. Бұл — жұртқа келген үлкен дерт. Сөзіне құлақ қоймай, өздерінен аулақ болып, сақтану — алаш балаларына борыш. Қазақтың баяғыдан бері аяқ астына басылып, көрген қорлығы, көрген зорлығы мен зомбылығы аз емес. Енді «Үш жүздің» қуларына айтамыз: «елімізді ертпеңіздер, ел қылып ұстау сендердің қолдарыңнан келетін іс емес. Ел де есін біледі; сендердің соңдарыңнан еріп, жарға қамалып жығылмайды. Халықты әуре қылмай, өлген мұжықтың қойнында қалаш табылатын болса, соны іздеп қараңдар!
Біз «Алаш» партиясының соңынан ереміз; анық көшбасшыларымыз сонда.
Семейдің уезный Земствосының мүшелері: Ахметжан Аңдамасұлы, Айтмұхамбет Болатұлы, Дінислам Тәңірбердіұлы, Жамшырбай Шөлембайұлы, Темірші Жүсіпұлы, Сыдық Дүйсенбіұлы, Құрмамбай Мұздыбайұлы, Бәйсеке Есіркепұлы, Майлыбай Есенбайұлы, Иманбазар Қазанқапұлы, Райымжан Мәрсекұлы, Қалдыбай Буданбайұлы, Көкпай Жанатайұлы.