ХАТ


…31 январь күні күндізгі сағат 2-де Қоқан большевиктерінің бізге тапсырған ультиматумын сөз қылып отырғанымызда тасыр-тұсыр атылған мылтықтың дауысы шықты. Бақсақ, мылтық атысып, соғыс бастаған большевиктің солдаттары екен. Большевиктердің бұл ісі өздерінің ультиматумында қойған шарттамасына қарсы келді: олар ультиматумды мәміле шарттарын кеңесуге 3 сағат срок қойған еді.
Және ол сроктың уақыты 20 минут өткенде ғана бітетін еді. Сөйтіп, большевиктер өз шарттарын өзі бұзып, мәміле сөздің жолын бөгеді.
Шорай иламия үйінде жиналып отырған үкімет адамдары бар және басқалар бар, большевик солдаттары жақындап келе жатыр деген хабарды естіп, жан-жаққа тарасып кетті. Сонан соң үкімет адамдарына енді қайтіп, екінші басын қосуға ешбір түрлі жол қалмады. Себебі: большевиктердің мылтық атқан дауысын естіген соң мұсылмандар қолдарына бар қару-жарақтарды алып, көшеге шығып қалды. Алдында үкіметтің: большевиктерге қарсы қару-жарақ алып шықпаңдар, әлі де болса мәмілеге келерміз деген сөзіне олар құлақ қоймады.
Өйткені олар большевиктердің мәміле сөзін бітірместен мылтық атуға бас салғанын көрген соң үкіметке, бәлки бүкіл мұсылман халқына жау болды деп, өз беттерімен қимыл қыла бастады. Сонан соң-ақ үкіметтің істейтін ол арада қызметі қалмады.
Қоқанда болған бұл көңілсіздік оқиғаның саяси себептерін бастан-аяқ түгел теріп жазуға замана әзір көтермейді. Соның үшін мен бұл хабарда бұл оқиға басталғаннан кейін өз басымнан өткен ахуалды ғана көптің алдына ұсынғым келеді. Аудара қарап, ақтара түсінген адамға бұл жазғандарымнан да бірсыпыра саяси қыртыс та көрінер.
Большевиктердің оғынан қашып, Қоқан қасындағы қышлақтардағы сарт ағайындардың ішінде бес-он күн жүрдім. Сол аз ғана күннің ішінде көрген жәбір-жапамды, дұшпан да болса, құдай большевиктерге көрсетпесін… Ергеш қарақшы бас болып, Қоқанда сарттар большевиктермен соғыс бастағанда оларда жеңілеміз деген ой тіпті болған жоқ. Соның үшін олар: енді сарт заманы болып қалды; Ергешті хан көтереміз; Ферғанада сарттардан басқа жан қалдырмаймыз; қазақ пен большевиктің ешбір парқы жоқ, ноғай болса, ол мұсылман емес; себебі Қоқанда бір ноғай мұғалімі аяғын құбылаға беріп ұйықтап жатқанын көрдік деп, қышлақ сарттары үрген местей көмпиіп, сарттан басқа жанның бәрін қырып жібермекке бел байлап, қолдарына пышақ, балта, шот, кетпен, орақ, арқан, жіп, қанжарларын алып, көшеге сыймай күпілдесіп кетті. Большевиктерден қашып паналап, мұсылман баласын дос көріп, заманасы тасыған сарттардың ішіне нағыз сол кезде мен де келіп қалып едім.
Көрген-білгеннің бәрін бұл арада тегіс айтып болмайды. Оның бәрі жаза берсе қағаз бетіне сыймайды. Соның үшін бұл жолы басымнан өткен оқиғалардың да ең орасан көзге түскендейлерін айтып өтемін.
20 (7) февраль сәрсенбі күні Гәухана деген қышлақтан бүкіл Ферғанаға белгілі Мой Мұбарак дейтін қышлақта тұратын Мұсахан қажы деген ишанның ғалымдар (ғалым) баласы Омархан төремен бірге Елеш қышлағының үстін басып, Құмбасты қышлағына келдік. Жолдасым атты, мен жаяу: сарттар жалдап мінуге көлік бермеді! Үстімдегі киген киімдерім сарт киімдері, аяқта кебіс, мәсі. Үсте ала шапан, баста қазандай ақ сәлде…
Барар жерім белгісіз болған соң, Қоқандағы соғыс басылғанша өзіміздің сарттардың ішінде қауіп-қатерден жырақ жүре тұрармын деген ой ғой, мені бір қышлақтан бір қышлаққа тентіретіп жүрген…
Құмбастыға келген жерде шетінен қару-жарақ асынған жиырма шақты сарттар келіп мені шап беріп ұстай алды.
— Ә, сән кім сән?
— Мұсылманмын.
— Қайсы мұсылмансың?
— Қазақпын.
— Қазақ қашаннан бояқ мұсылман?
— Әлмисақтан бері мұсылманмын.
— Сол қазақтың мұсылмандығында біздің шегіміз бар.
— Сендердің шектерің болса, біздің қазақтың да шәді бар.
— Шәді немене? Қане айтын?
— Шәді шеш кімлар диніне (ол «шеш кіме динин» маған бастан-аяқ түгел айтқызып шықты. Құдай бақ беріп жас күнімде жаттап алғандарымның ұмытылмағаны мұндай абырой болар ма!)
Осындай тергеу қойып болған соң сарттар анық сенгендей болса да, онымен қоймай тұс-тұстан анталап, ол жер, бұл жерімді шұқылап, мұсылманшылықтың онан көрі көзге көрінетін «нышанасын» іздей бастады. Сол уақытта қасымдағы менімен бір жетіден бері таныс жолдасым Омархан төре ат үстінде маңқайып тамаша қылып тұрғаннан басқа ешбір жәрдем көрсете алмады, ол бүкіл Ферғанаға атақты бір ишанның баласы болғандықтан маған жәрдем қылайын десе, бір ауыз сөзі ем еді. Ақырында мынау сарттардың жуық арада мені жібермейтініне көзі жеткен соң, атын борбайға бір салып, «шу» деп жүріп берді.
Сарттар менің мұсылмандық жағымнан ешбір кінә таба алмаған соң «Сен қазақ бұл жақта қайдан жүрсің?» – деп сұрады. Мен өтірік қоспай, жайымды айттым және Мұсахан қажы ишанның үйінде бірнеше күн мейман болып жатқанымды сөйледім.
«Мұсахан қажы ишанның үйінде жатқаның рас болса, оның баласы сені неге тастап кетеді?» — деді сарттар. Мен олардың бұл сауалына не деп жауап берерімді білмедім. Жолдасым молда Омархан көңіліне ғалым толып, онда жолдас қақылыққа да орын қалмаған екен.
Енді сарттар мені осы жерде ұстады: «Бәрібір. Бұл кім болса ол болсын, қайдан шықса одан шықсын, әйтеуір сарт емес екендігі ақиқат. Онан өзі де танбайды. Мұны өлтіру керек. Енді заман сарттікі. Бізге қазақ та бір, большевик те бір», — деп, қолымнан жетектеп, қышлақтың шетіне қарай, көшеменен «қазақ ұстадық» деп айғайлап, тұс-тұстан адам шақырып алып жөнелді.
Міне, өлтіруге жиналған адамның саны жетпіс-сексендей болды, бәрінің қолдарында қару бар. Мылтық, айбалта, қанжар, пышақ, келтек, шот, шоқпар. Менде өлмеймін деген ойға орын қалған жоқ. Ақыры өлтіреміз ғой деп, сарттар мені ұрып-соғып әуре де болған жоқ. Екі көшенің айырылатын жерінде үлкен бір ағаштың түбіне отырғызып, сарттар мені өлтірудің жабдығына кірісе бастады.
Екі қолым артыма таңулы, екі көзім байлаулы. Мойнымда қара қайыстан тұзақ. Ажалды күтіп мен отырдым!
Сарттардың ниеті мені екі аяғымнан ағашқа асып қойып, атып өлтірмекші, өзгелерден көрі маған рақым қылған сарттар бытырамен атса жаны қиналар деп, мылтыққа жалғыз оқ салдырды… Құдайдың әжеп құдіретіне, әділдігіне күман келтіріп болмайды. Дәл осы тайғақ кешу, тар жолда Алла әділдігі алдымнан шықты!..
Енді асамыз деп даярланып отырғанда, бір сарт келіп:
— «Сендер мұны қазақ дейсіңдер. Қазақтың неше түрлісі болады. Бұл өзі қандай қазақ екен, көрелік», — деп, көзімді шешкізді. Ол сарт көзімді шешкен соң, бетіме тура қарап жіберіп: «Ассалаумаликум, Мұстафа әпенді!» — деп жалма-жан байлаулы қолымды босата бастады. Екі көзі жасқа толып, мойнымдағы тұзақты пышақпен қиып жіберіп, отырған орнымнан тұрғызып, өзге сарттарға менің кім екенімді баян қылып, көп сөз сөйледі. Өздері өлтіруді қойып, мені қоқандыққа Ергеш қарақшының алдына жібермекші болып, қалаға бара жатқан адамдардың біреуінің атына мінгестіріп жөнелтіп салды…
Енді әлгі мені өлімнен құтқарған сартқа келейін. Бұл сарт (атын білмеймін) былтыр мардікер болып, соғыс тарапына барған көп сарттың бірі екен. Ол былтыр жұмыс басында зәбір көріп, Ферғанаға қашып бара жатқанда Петерборда маған кез болып, менен жол қаражаттық пұл алып, қажеті шыққан екен. Және былтыр мен биыл менің Петерборда, Түркістанда қылып жүрген қызметтеріме де сырттан қанық екен.
Құмбастыдан шығып, айдалған арыстанға ұқсап, кейін оралып, жоғарыдағы айтылған Елеш қышлағын басып, Гәуханаға жөнелдік. Елеш және Гәухана қышлақтары арасында бір сай бар. Сол сайдың басында олай-бұлай өткен сарттан басқа жанның бәрін ұстап, тергеп тұрған мылтықты үш сарт кез болды. Менің бөтен екендігім және ықтиярсыз қалаға айдалып бара жатқанымды білген соң, олар сөзге келмей мені атып өлтірмекші болды.
Аттан түсірді, жар басына отырғызды, мені бастапқы тұзақтан шығарған сарт Құмбастыда қалған. Енді бұл оқтан кім құтқарар? Әйтеуір көп қиналмай жылдамырақ өліп кетсем екен деп, көзімді басып отыра бердім.
Жалат сарт өзінің мергендігіне сеніп, «менің жүрегіме тигізе атсаң, қиналмай бірден өліп кетемін дегеніме болмай», көздеді ме, көздемеді ме, тарс еткізіп атып салды. Құдай өзі сақтады. Оқ тимей, зу етіп жанап кетті, сонан соң сарттар «бетбақтың бақыты бар екен!» — деп, қайтадан атқа мінгестіріп жөнелтіп жіберді.
Гәуханаға жеткен жерде әлгі қышлақтардың болысы (Қайнар болысы) Қатымқұл Мұқамбетұлы кез бола кетті. Ол мені бұрыннан таниды екен. Жайымды сұрап білген соң, жанымдағы мені алып келе жатқан сарттарға келіп, өздеріңді атып өлтіремін деп ашу қылып, оларды қайырып жіберді. Қатымқұл болыс мені өз үйіне алып барып, қонақ қылған соң, өзімнің айтуым бойынша қасыма жігіт қосып, Құдаш болысына қарай шығарып салды. Гуназар деген қышлақта Құдаш болысына жолығып, оның да мені пәледен құтқара алмайтындығына көзім жетіп, қайтып айналып Гәуханаға келіп, Қоқанда соғыс бір жайлы болғанша сонда жатып алдым.
Қоқан соғысы тоқтады. Ергеш қарақшысы қашып кетіп, қала большевиктердің қолында қалды деген хабар келді. Сонан соң сарттар ішінен желі шығып, солған қарындай жым болды. Қышлақ сарттарының бейілін білген соң, ертерек бұлардың арасынан шығып кетпекке қам қылдым. Бірақ көлік жоқ, ақшаға я салт ат, арба табылмай, жол бастауға жолдас шықпай жаман қиналдым. Заманасы көшкен сарттар тым болмаса жөн сілтеп, қышлақтардың атын айтпай, жаяу жүріп шаршап келгенде, таңдай жібітуге шай бермей, талай қорлықты көрсетті-ау. Алдында екі күн бұрын сарттан басқаның бәрін қырамыз деп, үрген местей кеуіп жүрген сарттар «қазақсың» деп, өлтірмек болып бір қинап еді. Енді большевиктер жеңген соң хан көтеретін Ергештері қашып кетіп, солған сарттар жөн сілтеп, жол көрсетуге кежірлік қылып тағы ыза қылды.
Екі күн жаяу жүріп, осындай бейнеттер шегіп, «Дағыстан» деген қышлаққа келдім. Сонда тоғыз тоқсан сомға жолдас жалдап, «қазақ-қырғыз қайдасың» деп қарлы таулар асып жөнеп кеттім және сарттарға сол арада «қош» айттым.
Көргендерім көп еді. Өзім осы күні көшпелі салтқа түсіп, ат үсті болғанымнан орнығып отырып, толықтырып жазуға уақытым жоқ, шырақтарым. Жеке жүрген бауырыңның дос тапқан халінен дұшпандық көріп, көңілі қапа болып тұр. Сөйтсе де Құмбастыдан басқа жер көрмеген, сарттан басқа ел көрмеген ғауамдардың маған қылған жаманшылығын бүкіл сарт халқына жабыстырғым келмейді-ау.
«Бірлік туы» арқылы «Алаш азаматтарына» сәлем. Құдай тірлікте күліп-ойнап жолықтырсын. Жатқан жерім белгісіз, жария қылып болмайды.
24 (11) февраль. Тау арасы.
Мұстапа

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *