Қазақстанда «Алашорда» үкіметі екіге бөлініп құрылғаны белгілі. «Алашорда» үкіметінің күншығыстағысы Семейде, күнбатыстағысы Орал облысында, Жымпиты қаласында, бұл екі «Алашорда» үкіметінің аралығында Торғайда бір үкіметі болды. О да белгілі. Торғайдағы «Алашорда» үкіметі маңындағы жапсарлас Қостанай, Ырғыз аудандарын да бағындырып тұруға талпынып жатты. Бір кезде жапсарлас аудандарды бағындырып та тұрды. Мұны енді бұл арада қысқаша бастан айтайын.
Әуелі 1918 жылы наурызда Ырғыз қаласында совет үкіметі жасалады. Бірақ Ырғызт советінің өмірі ұзақ болмады. 1918 жылы маусымның басында чехословактар бунт бастап, Сібір аймағында совет үкіметін құлатқан соң, сол маусымның ішінде Ырғызға белгілі Орынбор казак-орыс атаманы Дутов әскері Торғайдан келіп, советті таратып, өз үкіметін жасап кетеді. Бұдан кейін төрт-бес айдан соң, қазан кезінде Ырғызда қайтадан совет үкіметі құрылады. Үкімет құрушылардың басында учитель Бәймен Алманұлы мен Кисилев жолдас болады.
Бұдан кейін біраздан соң Каспий теңізінен өтіп, түйелі керуенмен көп қару-жарақ, оқ-сайман алып, Адайдың көсілген көшпелі құмды далаларынан өтіп, Ақтөбе майданына Жангелдин келеді. Оқтары таусылып, сасып тұрған қызыл әскерді керуенмен әкелген оқ-сайманға молайтып тастап, Жангелдин аз ғана әскермен Ырғызға келеді.
Ырғыздан бастығы Алманұлы болып, біраз кісі қосып алып Торғайға аттанады. Торғайға келіп совет орнатады. Торғайдағы «Алашорда» өзінің әскерімен сол Торғай ауданындағы бір шет ауылға барып орнап жатады. Содан 1919 жылдың наурыз кезінде, ауылдағы «Алашорда» Торғай қаласындағы совет үкіметіне сөз салады:
«Енді біз Торғай советіне бағынғымыз келеді. Осы қалпымызбен қару-жарақ, әскерімізбенен Торғайға барып, совет үкіметінің әмірімен қызмет қылып тұрсақ екен», — дейді.
Ол уақытта Жангелдин Ырғызда болады. Жангелдин телеграммен сөйлесіп, «Алашорда» тілегін қабыл қылып, «Алашорда» бастықтарының бірі Ахмет Байтұрсынұлын қасына шақыртып алады. «Алашорда» әскерін шұбатып, тымағының құлағын жымыра киіп, көзін қасындағы жолдасына қыса түсіп, кер дөненді кері айылдап, кер тартып, кер қамшылап, кердең басып саусылдап Торғайға кіреді. Жайланып орналасады. Совет мекемелеріне кісілерін кіргізеді. Әскерге комиссарлардың помощнигі қылып Кәрім Тоқтыбайұлын кіргізеді. Ел билеу, саясат істеріне Дулатұлы, Есполұлдары кіріседі. Байтұрсынұлы Жангелдинмен Мәскеуге кетеді.
Кешікпей «Алашорда» көтеріліс (бунт) жасап, Торғайды «өзінікі» қылып жариялайды. Жангелдиннің қойып кеткен Амангелді Иманұлы деген комиссары мен оның біраз сенімді жолдастарын тұтқынға алып, қамап тастайды.
Содан кейін кешікпей Торғайға, әлгі Қостанайда Колчак үкіметіне қарсы көтеріліс жасап, Қостанайды төрт-бес күн алып тұрып, саны, сайманы асқан ақтарға шыдай алмай қашқан қызыл партизан отрядтары келеді.
Қызыл партизандар Торғайда совет үкіметі бар деп келеді. Әуелі Торғайға Таранның отряды келеді. Отряд Торғайға жақындаған соң, Таран қасына он шақты жолдас алып, Торғайға озып келеді. «Алашорда» бұларды ұстап, бір-екі жолдасы мен Таранның өзін атып өлтіреді де, өзгесін абақтыға қамап тастайды. Сөйтіп, дереу Таранның келе жатқан отрядының алдынан алдау-арбау білетін бастықтарымен отряд шығарады. Алашорда отряды Таран отрядына келіп арбасады. «Алашорда» отрядының бастықтары Таран отрядымен сөйлеседі. Мұның алдында Таран отряды пәлені сезіңкіреп қалады. Дүдамалданады. «Алашорда» сөйлейді. Сөйлегенде бүй дейді:
«Біздің Торғай совет үкіметінің қолында. Біз совет әскеріміз. Сендердің кім екендеріңді біз білмейміз, сол себепті сақтанамыз. Біздің Торғайға кіретін болсаңдар, қазір бізге қару-жарақтарыңды жинап беріп кіресіңдер. Сендер қызыл болсаңдар, Торғайдан кетерінде жарақтарыңды қайтып береміз… Егерде бұл жерде бізге қару-жарақтарыңды бермесеңдер, сендердің ойларың түзу деп біз сене алмаймыз. Онда біз сендерді Торғайға бұл түрлеріңмен кіргізе алмаймыз. Бізге сенбесеңдер, міне, советтің комиссары Жангелдин қол қойған мандат…» — деп қағаздарын көрсетеді.
Таран отряды лажсыз қару-жарақтарын «Алашорда» отрядына жинап береді.
Қару-жарақты жинап алған соң «Алашорданың» қулары Таран отрядын тұтқынға алып, Торғайға апармай, Атбасарға қарай айдап кетеді.
Іле Таран отрядының соңынан Торғайға, Қостанайдан шыққан Желаевтың қызыл партизан отрядтары келеді. Желаев, жолшыбай «Алашорданың» Таранға қылғанын естіп келеді. Тағы Торғайдан Желаевқа қарсы «Алашорда» әскері шығады. Желаев келген бетімен «Алашорда» әскеріне оқ жаудырады. «Алашорда» әскері тым-тырақай қашады. Далбақтап, тоңқаңдап Торғайдағы «Алашорда» қашады. Қашқанда тек кетпейді, түрмедегі комиссар Амангелді Иманұлы мен жолдастарын өлтіріп кетеді. Желаев Торғайды алып, керекті азық-түлігін тиеп алып, жүріп кетіп, совет үкіметінің қолындағы Ырғыз қаласына соғып, Шалқарлатып соғыс майданындағы қызыл әскерге барып қосылады. Желаев отряды кеткен сон «Алашорда» ұрандасып, қайтадан Торғайға келеді. «Алашорда» енді қодаңдап, қайраттанады. Кешікпей 1919 жылы мамыр айында Желаевтың ізімен Ырғызға әскер жібереді. «Алашорда» әскері Ырғыз советінің аз ғана жарақты қызыл отряды екі бөлек болып, Ырғыздан ұзақ кежеуілге кеткенде келеді. Әскерсіз қалған Ырғызды «Алашорда» алады. Үкіметін жасайды. Ырғыз исполкомында болған кейбір қазақ жігіттері (Жаманмұрынұлы, Тойбазарұлы, Сүгірбайұлы) жалт беріп, «Алашордаға» кірісіп кетеді. Ырғызды жау алғанын Алманов, Кисилевтер қызыл отрядпен кежеуілде жүргенде естіп, Шалқар ауданын басып, соғыс майданындағы қызыл әскерге барып қосылады.
Кисилев пен Алмановтың қасындағы орысы бар, қазағы бар, біраз жолдастары қысалшаң уақытта Ақтөбедегі соғыс майданынан қолдарындағы саймандарымен «Алашордаға» қашып барып кіріп кетіпті.
Большевикке қосылып іс қылғаны үшін, Ырғыздан «Алашорда» сегіз (8) қазақ жігітін атып өлтіреді. (Әлмен учитель, Қайнарбай учитель, Молдақұл ұста және басқалар). Торғайдан «большевик болдың» деп он сегіз (18) қазақты атып өлтіреді.
Міне, бажайламай қысқаша айтқанда, елден алған «алымы», «салығын», елді дүрелегендерін айтпағанда, Торғай «Алашордасының» қылықтары осындай.
Торғай «Алашордасының» басында болған білімділері: Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Телжан Шопанұлы, Мырзағали Есполұлы, Сәлімгерей Қаратілеуұлы, Асфандияр Кенжеұлы, Кәрім Тоқтыбайұлы тағы толып жатқан оқыған «алаштың азаматтары»…
Түркістан, Шуға қарай «Бетпақ даламен» көшетін елдердің көшуін күтіп мен жүрдім… Ақмоламен астыртын хабарласып тұрамын. Омбыдағы лагерьден босанып келген Баймағамбеттен хабар келді. Омбы лагеріндегі ауырып қалған жолдастардың көбі өліпті. Өлмегендерінің қаша алғаны қашыпты, қаша алмағандарын жырақ күншығыс Сібірге айдап жіберіпті. Өлгендердің ішінде біреуі қазақ Бәкен, біреуі ноғай Хафиз, өзгелері орыс.
Ақмола уезінің оңтүстік жырақ шетіндегі Күнек еліндегі 1916 жылғы қазақ қозғалысында Николайдың елге шыққан «Кәр қылғыш» әскерінің бір бастығы мен жеті атты солдатын өлтірген, азырақ оқыған баласы 1917-18 жылы Ақмолада большевиктерге қосылған Тақыр Омардың үйінен жасырынып жүрген Әділұлдары туралы хабарлар келді.
Біраз күн өтті…
Күз таянды. Колчактың жаны күретамырына таянғаны сезіле бастады. Елге тіміскілеп, кежуілші, тыңшы отрядтары көбірек шыға бастады. Біздің Нілді заводына келді. Мені іздей бастады. Бір күні күн батып бара жатқанда, біздің ауылдар үрпиісіп, қозғалысып, сыбырласып қалды… Бір алқап-ойлау жерде отырған екі ауыл едік. Кешке жақын тыста тұр едім. Үстімдегі киімдерім қазақша еді. Күншығыс жақтан, кең алқап ойды өрлеп желе шоқытып, қоқыраңдап салт атты екі солдат алдыңғы ауылға келді. Ауыл бір бай ағайын ауыл еді. Бай үйінің алдына келіп, екі атты солдат мінбелеп тұра қалды. Аттарынан түспей тұрды. Ауылдың жігіт-желең, қатын-баласы екеуінің маңына жиналып қалды.
«Танымас, өзім көріп, жөндерін біліп қалайын», — деп, солдаттар тұрған ауылға қарай жаяу аяңдап жүрдім. Солдаттардың айналасына жиналған тобырдан қарына құрық ілген бір атты кісі біздің ауылға қарай жүрді. Желіп келеді. Байдың Әреш деген жылқышысы екен. Маған қарсы келеді. Қозғалған болып, маған қамшысын қарсы сілтеді: «Қайт» дегеніне түсіне қалдым да бірдемеге айналған болып отырдым.
Әреш келді. Түсі сұрланыңқырап кетіпті. Жай бетімен жүріп келе жатқан кісіше маған бұрылмай:
— Қайт кейін, аналар сені сұрап тұр. Түрлері жаман. Жылдам ауылдарыңа жүріп, мына атқа мініп, анау біздің жылқыға кеткен жылқышы болып кетіп қал! — деді.
Әреш те, мен де ауылға келдік. Біздің ауыл үрпиісіп қалған екен. Шешей байғұс пен қарындастарым жылай бастады. Оларға кейіп, жастарын сүрткіздім де Әрештің атына мініп, қолыма құрық алып, жайылып жатқан мырзаның аулының жылқысына кетіп қалдым. Жылқыда жүрдім. Күн батты. Апақ-сапақ бола бастады. Солдаттар әлгі байдың аулынан қастарына бір атты кісіні ертіп алып, жылқыға қарай қиыстап келеді. Аяңдап, байқастап жүрмін. Желе шоқытып өтіп кетті. Біраздан соң бір атқа мініп, әлгі байдың жылқышысы Әреш келді. Мен ауылға келдім.
Жатарда мен ауылға түнеуге сақтық қылып, ауылдың тұсындағы бір қалың қарағанның шетінде төбешіктегі төрт бұрышты, биікшелеу қылып шикі қыштан соққан бейітке бардым. Түнде жалғыз келіп бейіттің есігінен кіріп, үңірейген, томпайған қабырлардан аттап, бейіттің бұрышындағы шөптесінге жатып ұйықтап қалдым. Қараңғы түн. Бейіттің іші тым-тырыс.
Сәкен Сейфуллин