Өткен нөмірінде бұрынғы комиссарлық Құлманұлы қалып, оның орнына Әзірбайұлы болып еді. Оның бер жағында комиссарлық қалып, Бөкейліктің істері осы кісілер арасынан бөлінді.
Ішкі істі қараушы: Б. Ниязұлы.
Жол ісін қараушы: І. Көшекұлы.
Жәрдем беруші: К. Мендешұлы.
Азық: С. Генералұлы.
Ақша жағын: Д. Темірәлиұлы.
Оқу-оқыту: Мендешұлы.
Денсаулық: М. Көкібайұлы.
Дау: С. Нұралиханұлы
Бұлардың халықтың бас-аяғын жинап мәслихат етуге шыдамай, Бөкейліктің ісін қолдарына алуларын әр түрлі жоруға болады.
Біреуі — уақыт оздырмай осындай қысаңшылық заманда халықты қиындықтардан сақтап тура жолға бастау. Екінші түрлі ойлағанда, ел адамдарына мынау қалай демей, төрт жүз мың бөкейліктің делегаттарының сайлаған адамдарының билігін кешегідей он шақты қара таяққа беріп, өзара кеңесіп, өз тілектерін жасай беруі өздерінің бас қамы үшін деп айтуға да мүмкін. «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деген қазақтың мақалы бармен бұл басшыларымыздың бұл істерін жөн яки жөн емес деп айта алмаймын. Дұрыс, дұрыс емесін халықтың өзі шамалап тұрған болар…
Ұран