ОРЫНБОР ЖАЙЫ


Бір айдан бері большевиктермен соғысқан казак-орыс әскері мен юнкерлер 17 январьдың түнінде жеңіліп, Орынборға қарай қаша бастады.
Қаладағы барлық әкімшілікті өз қолында ұстаған отанды қорғау комитетінің адамдары, — казак-орыстардың басы атаман Дутов, Орынбор комиссары Архангельский және басқалар қашып кеткендіктен қала иесіз қалды.
Осындай аумалы сағаттарда қаланың халі қыл үстінде тұрғандай еді. Жаман ойлы бұзық адамдар иесіз қалаға тиіп, неше түрлі талан-тараждар істесе, әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ еді. Сондықтан Орынбордағы мұсылман Карби комитеті қалаға большевиктер кіріп, әкімшілік орныққанша, өзін Орынборға әкім екендігін жария етті.
Өзінің күнілгері қамын қылып, жиып қойған жігіттерін қару-жарақ асындырып, үкімет пен халық мекемелерінің бәріне қарауыл қойды.
Қарби комитеті тұрған башқұрттың керуен сарайы мұсылманның еті тірілігін көрсететін бір орда түрін алды. Керуен сарайдың ауласында қару-жарақ асынған мұсылман солдаттары мен дружинаға жазылған ноғай жігіттері «ерсілі-қарсылы» жүріп жатты. Жегулі аттар, автомобильдер даяр тұр еді. Қалада тәртіп сақтау жалғыз мұсылман Қарби комитетінің мойнында ғана қалған еді.
18 январьда қалаға большевиктер кіріп, өздері орнатқан үйлерге орныққан еді. Көшелерде қару-жарақ асынған түсі суық матростар, қара және қызыл гвардиялардың кісілері оннан-бестен үй-үйге кіріп — мұнда офицер бар ма, құрал бар ма — тінте бастады.
Осы тінту ісіне жүргендердің ішінде сөзге түсініп, күшке салмай, өз міндетін қолындағы мандат қағазын көрсетіп атқарғандар бар болған секілді. Бас жібі жоқ егіздей күшке салып, ақырып-жекіріп, қала халқының апшысын қуырғандары да бар еді. Осындай жүгенсіз азғындар көбінесе матростардың, анархис дейтін партия адамдарынан, солардың етегін ұстап, олжа түсе ме екен деп жалған «большевик» болған Орынбордың өз ұрыларынан құралған еді. Большевик штабы осы түрдегі жаман ойлы жолдастарына қатты жазалар салып, жаман қысты. Қалада большевик әбден орнығып әкім жүргізгенше болған талан-тараждар, кісі өлімдері — бәрі осылардың қолынан келді. Большевиктердің жоқшылары яки Қарби комитетінің жігіттері талаушылардың көбін ұстап жауып қойды. Айыптыларын атып өлтірді деген хабарды соңынан есіттік.
«Большевикпін» деп тінту артында жүрген «ерлер» ірі байлардың үйіне кіріп, үйді асты-үстіне келтіріп, жын ойнағандай қылып аударыстырып, қымбатты нәрселерді қойын-қонышына толтырып алып кеткендерімен тұрмай, қапқа салып арқалап яки жегулі көлікке артып әкеткендері де болды.
Шекесіне тақап тұрған мылтықтың атылуынан, жүрекке сұққалы тұрған пышақтың түсінен қорыққан адамдар қысылғанда жан садақасын беріп құтылып, құр жан қалды. Кейбір жаннан малын қымбат көріп, малға ара тұрамын деп мылтыққа ұшқандары да болды.
Қарби комитетінің қару-жарақ асынған жігіттері күн демей, түн демей автомобильге мініп алып, қаланың көшелерін аралап жүрді. Бірнеше жерлерде талаушылардың үстінен шығып қалып, маңдайы ашық кейбір бақытты адамдардың жиған дүниелігі өзінде қалуына себеп болды. Тонаушылардан үш-төрт күн ішінде қала халқының сыйынғаны жалғыз мұсылман Карби комитеті болды.
Матростар яки анархистер жолдарына бөгет бола берген Карби комитетінің жігіттеріне көздерін алартып, тістерін қайрап жүрді. Осылардың қыңқылы жерде қалмай, Орынбор вокзалында болған бір мәжілістерінде мұсылман қолындағы құралды сыпырып алудың керектігі сөз болды.
Большевиктер қалаға кіріп, салығын салып тынығып алған соң, военно-революционный комитет ашылды; түрлі іс басына комиссарлар қойылды.
Үкімет және халық мекемелеріне өздеріне сенімді солдаттардан қарауыл шығарылды. Сөйтіп, қала тұрмысы біраз сабасына түскендей болды.
Большевиктер қалаға кірісімен кадет партиясының пікірін тарататын «Оренбургский край» газетінің басқармасын өздеріне қаратып алды. Осы күні оның орнына У.Р. комитетінің пікірін тарататын «Известия» газеті шығып тұр.
Кооперативтер шығарып тұрған «Южный Урал» газеті де жабылды. Осы күні оның орнына «Народное дело» газеті шығып тұр.
Большевиктің інісі меньшевик партиясының пікірін таратушы жұмысшылар газеті «Рабочая заря» большевиктер кірген соң, бірнеше нөмір шығып тұрып, тілі ащы болып масадай шаға берген соң, ол газетті У.Р. комитеті жапты. Оның орнына іле-шала «Рабочая газета» шықса да таздың басын қаси беретін мінезі большевиктерге жақпай тоқтатылды. Сөйтіп, інілердің ағаларына қарап бұртиып тұрған жайы бар.
«Уақыт» газеті тұтынған жолы жұмысшы, жарлы халық ыңғайына ереуіл келгендіктен У.Р. комитеті тарапынан тоқтатылды. «Уақыт» баспаханасы, барлық нәрсесі және қолындағы ақшасымен реквизировать етілді.
Февральдың 9-да «Уақыт» баспасында басылып «Орынбор мұсылман қарби инхлап комитеті мұқбары» деген газеттің бірінші нөмірі шықты.
Январьдың аяқ жағында қалада тұрмыс өз жолына түсті десе болады. Бір айдан бері Орынбордын сыртында бөгеліп жатқан хат-хабар, газет, журналдар ретсіз бір түрде келе бастады.
Мұсылман Қарби комитетінің панасына сиынған мұсылман байлар бар. Мұсылман Қарби комитеті соларды қорғайды деген күңкіл сөз түбінде іске асып, мұсылман қолындағы қару-жарақты У.Р. комитеті жиып алды. Сөйтіп аз күн болса да қалаға қызмет сіңірген, талан-тараждарға ара тұрып тәртіп сақтаған мұсылман дружинасының таратылуы көңілге қайғы түсірді. Қолынан құралы алынған соң, мұсылмандар тағы бір түрлі бас қамын қылуды ойлады.
Бетегеге бойын жасырына алмаған «буржуйлардың» бүлініп кетуімен ноғайдың солдат және жұмысшылары басын қосып, кеңесіп, мұсылман қарби инхлап комитетін ашты.
Комитеттің бастығы — Ғали Шамғұнұлы. Жолдасы — Мұхаммет Тайырұлы. Секретары — Абдолла Якупұлы.
Бұл комитетке мұсылманның табан ет, маңдай термен күн көретін жігіттерінің көбі кірген көрінеді.
Большевик келместен бұрын жабылып, сонан бері ашылмаған дүкендер және мектептер 29 январьдан былай ашылды. Саудагерлер саудасын істеп, балалар сабағын оқып жатыр. Бұрынғы Кадетский корпус әскери гимназия болды.
Большевиктердің жеңіп алған қалаларында тұратын байларға салатын контрибуция дейтін салығы болады екен. Орынборға келген большевиктер де Орынбор байларына белі қайысарлық салық салып отыр. Бір жиюға 10 000 000 сом салық салынды. Бұл салықты жиятын комиссия байларға былайша бөлген: Зарепнов 1 млн. сом, Сараков 1,5 млн. сом, Панкратов 1 млн. сом, Деев 300 мың. Буров 600 мың, Пемнов 150 мың, Нехарчев 125 мың, Слащилин 75 мын, Коробков 60 мың, Баландин 100 мың, Нехонов 75 мың, Урецкий Орштері 75 мың, Потлов серіктігі 100 мың, Захо 100 мың, Брагин 50 мың, Каймуштер, Вольфсон, Корнилов, 50,40,20 мыңнан, Лшескин 50 мыңнан, Лысых 5 мың, Агладонов 100 мың, Андреев 30 мың, Вотем 5 мың, Шепшайши 20 мың, доктор Воскресенский 15 мың, Попов, Теревинский және Николин 10 мыңнан, Мақмұт бай Құсайынұлы дарыстері 600 мың, Уәли қазірет Құсайынұлы фирмасы 125 мың, Ғыдбай Балтабайұлы 50 мың, П. Ғимадиұлы, Әбдірахман Әмзін, Бырдаран Ғабділлендір, Ауаринбазыұлы, Ақымбайұлы, Аюпұлы, Г. Шепиров, Ғабділқайым Седачұлы 25 мыңнан, М. Шараполдинұлы, Г. Кинеев, З. Құртапулы, Рамовтар 15 мыңнан, Ш. Мұсыпұлы 20 мың, 3. Қабибуллиндер, З. Омаров, Р. Қабимовтер, Мырзабайұлы, Ғабділрашит Құсайынұлдары 10 мыңнан. Осы салықты байлар төлемей құтыла алмайды.
Адвокат Градскийдің зор жұрты ісіндегі общинымен У.Р. комитеті қолына көшті.
Ташкент темір жолы, сол жолда қызмет қылатын жұмысшылар мүлкі болды. Орынбордың зор баспаханаларынан Левинсон баспаханасы бұлардың билеуіне көшті.
Орынборда тұрғын қазақ 5-6 үй болатын, бұлардың азаматы әм бала-шағалары большевик сүргінінен тегіс аман. Өздерінен болмаған себептермен Орынбордан шығып ел ішіне кеткен. «Қазақ» газетінің басындағы азаматтар әлі Орынборға оралған жоқ. Шәкірттері Орынборға қайтып оқуға кірісті.
Большевикті азуы алты қарыс арыстандай көргендіктен бе, яки басқа бір себебі бар ма, Орынборда қазақтың басы осы февраль ішінде ғана көріне бастады. Қалада осы күні тыныштық. Таңырқарлық талан-тараж, өлім-жітім хабарлары жоқ. Орынборға жақын отырған қазақ ауылдары да аман. Торғай комиссары қазақ пен орыс арасында болған жанжалдарды басуға және «большевик» болған мұжықтар қазаққа бел көрсетіп, ауылын шауып талап әкетпесіне қолдан келген істерді шұғыл істеп жатқан көрінеді.
Почта, телеграф жүріп, банктер ашылды. Бірақ банктегі ақшадан жұма сайын иесіне 150 сомнан артық берілмейді. Қалада уақ ақша жоқ еді, Петроградтан жаңадан келген уақ ақшаны 100 сомдықтарға айырбастап алып жатыр. Дутов кезінде шығарылған Орынбордың жаңа ақшасы бұрынғы бәсін жойған жоқ. Большевиктер де сол ақшаны тағы даярлатып жатыр.
Ж. Жәнібекұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *