Жетісу майданында көпшілдермен соғысып жүрген алаштың тұңғыш әскеріне сәлемдеме жіберу үшін «Алаш» қаласындағы қазақтан ақша жәрдемі жиыла бастағаны өткен санда басылып еді. Қандай қиыншылық болса да шыдап, елі үшін, өніп-өскен жері үшін жаумен алысып жатқан бауырларына жәрдем жиюға сайланған ақсақал мырзалардың аты да басылған еді. Жылу комитетінен қағаз алып, жәрдем жинағандар:
1. 3-ші нөмірлі қағазбен жүрген имам Әбдүшүкір Жәшікбекұлына жәрдемін бергендер:
2. 22-ші нөмірлі қағазбен жүрген уезной Земский управасының мүшесі Әбділқамит Болатбайұлына бергендер…
Бұрынғылармен 13 272 сом 50 тиын…
Құс қанатымен ұшады, құйрығымен қонады. Өзге қалалардағы, қырдағы алаш балалары әскерлік қызметінде жүрген азаматтарына сәлемдеме жіберу үшін жәрдем ақшасын тезірек жиып, «Алаш» қаласындағы жылу комитетіне яки «Сарыарқа» басқармасына жіберсе алғыс айтып, тиісті орнына табыс қылуға даярлығын білдіреді…»
Бұлар сөйтіп жатқанда атаман Анненковтың партизандары жүрген жерінде қазақты қасқырша талап жатты. Бұл туралы да газетке басылған біраз мағлұматты келтірейік.
Газеттен:
«…1918 жылы декабрь жұлдызында Семей уезінің Кеңтүбек елінің комитеті мәлім қылған:
Атаман Анненковтың отрядының Павлодар уезіне қараған штабының бастығы Кеңтүбек еліне елу мың сом ақша, он ат салық салып, жинап алды. Және де Кеңтүбек елінің байларынан отрядтың зорлықпен алған нәрселері:
1. Әділқан Жанұзақұлынан он мың сом ақша, алты мың сомдық бұл, шай, бір жорға ат, бір қасқыр ішік, бір күзен ішік, үш көрпе, бес пұт сары май.
Екінші рет келіп отряд Әділқан Жанұзақұлының аулынан киім, киіз, ыдыс-аяғына шейін жинап алып кетті.
2. Алдоңғар Найманбайұлынан жиырма бір мың сом ақша, үш ат, екі түйе, барлық шана, сайманымен шанаға салған киіз.
3. Большевик ұйымының (артельный) лапкасынан алты жүз сом ақша, он пачка шырпы.
4. Мыңбай Бекбауұлынан бір ішік, он қадақ қағаз шай, бір тымақ.
Соққы көргендер: Әли Жекенбайұлы, Белгібайұлы, Бекетұлы және басқалар…
1918 жылы 20 ноябрьде Семей уезінің Бес қарағай елінің қазақтары Әкбар, Бекбір Бәйтенұлдарынан, Ажыран, Диляфруз Бәйтен қатындарынан түскен арыз:
16 ноябрь күні Бәйтен Әлиұлының қыстауына соқыр қаласының (Корсускийдің) бес казак-орысы мен атаман Анненковтың әскеріне қараған бір отряд солдат келді. Отряд бастықтары екі офицер: біреуі орыс, біреуі қытай.
Орыс офицері Пасин Бәйтен Әлиұлын мылтықпен атып өлтірді. Барлық мал-мүлкін отряд талап кетті. Алған нәрселері ақшадай 20 мың сом, 65 384 сомдық әртүрлі нәрсе. Барлығы: 85 384 сомдық.
Өлген Бәйтен Әлиұлын доктор сойғанда жасаған актісін, (қағазын) 20 мың сом алғанда берген распескесін арызына тіркеп берген.
Жоғарыда жазылған арыздарды қотарып, Семейдің областной Земский управасы Бас әкім Колчакқа, ішкі істер және сот министрлеріне, Семейдің окружной сотының прокурорына жіберген бұл істер тексеріліп жатса керек…»
(« Сарыарқа », 1919 жыл, январь, № 65.)