«ЖАЛПЫ ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ СЪЕЗІНІҢ ҚАУЛЫСЫ»…


Съезд Орынборда 5—13 декабрьде болып өтті. Съезге Қазақстанның барлық 8 облыстарынан өкілдер келді.
Съезд шақырушылар: Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Елдос Омарұлы, Сағындық Досжанұлы және Міржақып Дулатұлы.
Съезге түрлі ұйымдардан және газеттерден: Мұртаза Нұрсейітұлы, Абдрахман Мұртасынұлы, Әбілғазиз Өлкешұлы, Бернияз Күлейұлы, Әбілқамит Жүндібайұлы, Әбілғазиз Мұсаұлы, Қошмұқамбет Кемеңгерұлы және Қайретден Болғамбайұлы.
Арнап шақырылғандар: Бақыткерей Құлманұлы, Жанша Досмұқамбетұлы, Омар қазы Қарашұлы, Әбіл қазы Ешмұқамбетұлы, Мәди қазы Мақұлұлы, Қалел Досмұқамбетұлы, Ишанғали Арабайұлы. Ақыметкерей Қосуақұлы, Уәлитхан Танашұлы, Жанқожа Мергенұлы, Салық Қарпықұлы, Отарбай қажы Құндыбайұлы, Мұстафа Шоқайұлы және Илияс Жанқараұлы.
Съезд бастығына сайланғандар: Председателі Бақыткерей Құлманұлы.
Серіктер: Әлихан Бөкейханұлы, Қалел Досмұқамбетұлы, Әзімхан Кеңесарыұлы, Омар Қарашұлы.
Секретарьлары: Дәулетше Күсепкалиұлы, Міржақып Дулатұлы, Сейдазым Кәдірбайұлы.
Жиылыс ашылар алдында Әлихан: «Былтырдан бері шаршы топта сөйлеп бәйге алған, осы съезге шақырылған, ардақты шешен Ораз ақсақал Тәтиұлы өлді. Жиылысты марқұм Оразға дұға қылып басталық», — деді.
Жиылған жұрт марқұм Ораздың рухына дұға қылып, кеңеске кірісті…
Съезге қаралуға қойылған мәселелер: 1. Сібір, Түркістан автономиясы және юго-восточный союз туралы, 2. Қазақ-қырғыз автономиясы, 3. Милиция туралы, 4. Ұлт кеңесі, 5. Оқу мәселесі, 6. Ұлт қазынасы, 7. Мүфтилік мәселесі, 8. Народный суд, 9. Аульное управление, 10. Азық-түлік мәселесі.
Автономия мәселесі: Түркістан автономиясының министрі Мұстафа Шоқайұлы Түркістан автономиясы жайын баяндады.
Мұстафа сөзіне қарағанда Жетісу және Сырдария облысының қазақтары Түркістан автономиясына әлі қосылмағандығы байқалады.
Түркістан уәлаятының өкілдері қазақ-қырғыз баласының басы қосылатын кез осы екенін және Алаш автономиясы жарияланса өздерінің қосылатынын білдірді.
Орынбор қазақ-қырғыз әскерлерінің 3-округі өкілі Меншелин съезді құттықтап «Қазіргі бүліншіліктен құтылу үшін, юго-восточный союзға қосылыңдар», — деді.
Комиссия атынан: Қалел Ғаббасұлы «Автономия және милиция кеңесі» туралы баяндама қылды.
Автономия туралы Қалелдің баяндамасын тексеріп, октябрь аяғында Уақытша үкімет түскенін, Россия мемлекетінде халыққа сенімді және беделді өкіметтің жоқтығын, әкімшілік жоқ болған соң халық арасы бұзылып, пышақтасып кететіндігін, бассыздық күшейіп, бүкіл мемлекет бүліншілікке ұшырап, күннен-күнге халықтың күйі нашарлауын және бүл бүліншілік біздің қазақ-қырғыздың басына да келуін мүмкін деп ойлап, бүкіл қазақ-қырғызды билейтін үкімет керектігін ескеріп, съезд бірауыздан қаулы қылды.
I. Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқан облыстарындағы және Әмудария бөліміндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы және Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері. Бірыңғай іргелі халқы қазақ, қырғыз.
Халі, тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдына ұлттық жерлі автономия құруға;
II. Қазақ-қырғыз автономиясы «Алаш» деп аталсын.
III. Алаш автономиясының жер үстіндегі түгі, суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын.
IV. Алаш автономиясының мизамын Бүкілроссиялық учредительный собрание бекітеді.
V. Қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтардың құқықтары теңгеріледі. Алаш автономиясына кірген ұлттардың бәрі бүкіл мекемелерде санына қарай орын алады. Алаш автономиясының қолында жерсіз халықтар болса, оларға ұлт және мәдени автономия беріледі.
VI. Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен уақытша ұлт кеңесін құруға, мұның аты «Алаш Орда» болсын.
«Алаш Орданың» ағасы 25 болып, 10 орын қазақ-қырғыз арасындағы басқа халықтарға қалдырылды, Алаш Орданың уақытша тұратын орны Семей қаласы. Алаш Орда бүгіннен бастап қазақ-қырғыз халқының билігін өз қолына алады.
VII. Алаш Ордасы халық милиция…
VIII. Алаш Орда тез уақытта Алаш автономиясының учредительный собраниесін (құрылтайын) шақыруға міндетті болсын. Алаш құрылтайының сайлау тәртібі жалпы россиялық құрылтай сайлауы ретінше болсын.
IX. Алаш Ордасына съезд тапсырады:
1. Ұлт қазынасына қарыз ақша алуға.
2. Өзге автономиясы көрші халықтармен одақтасуы жөнін сөйлесуге, мұның шарттарын бекітуші Алаш құрылтайы. Ұлт құрылтайына «Алаш Ордасы» автономия мизамының жобасын даярлап кіргізеді.
Автономияны қашан жариялау тақырыпты съезд екі пікірге айрылды. Бірсыпыра өкілдер автономияны қазір жариялайық дейді. Екінші жағы автономияны ресми жариялауды Алаш Ордасына тапсыралық. Әуелі милициямызды құрып алайық. Түркістан қазағымен сөйлесейік және арамыздағы жат жұрттармен келіселік, сонан кейін жариялансын. Мұнымыз саяси әдіс болар деді.
Бұл мәселені шешу үшін өкілдердің аттары аталып, тас салынды.
Алаш автономиясы күні бүгін ресми жариялансын деп тас салғандар 33 кісі.
Автономияны ресми жария етуді арамыздағы жат жұрттармен сөйлескенше һәм милициямызды құрып алғанша тоқтата тұруды лайық көріп тас салғандар 42 кісі. Азшылықта қалған өкілдер көпшіліктің қабыл еткен қаулысына көнбей, автономияны қазір ресми жариялат дейді. Егер қазір жария етілмесе, біз Түркістан автономиясына қосыламыз дейді.
Сонан кейін съезде Алаш баласының бытырамауын мақұл көріп, қазір бытыраса түбінде қосыла алуы қиын болатынын ойлап, бірауыздан мынадай қаулы қылды: Бір айдың ішінде Алаш Ордасы Түркістан қазағын бүкіл Алашқа қосып алады, қосып ала алмаса да бір айдың ішінде халыққа білдіреді. Бір айдың ішінде Түркістан қазағын Алашқа қосып ала алмаса, өз алдына ресми автономиялы етуге ерікті.
3. Егер бір айдан кейін Алаш баласы қосылмаса және алашқа автономия жария етілмесе әркім өз күнін өзі көреді.
Егер Түркістан қазағы бір айда бір қосылса, автономия қашан жария етуді ықтиярды Алаш Ордасына берілсін.
Милиция мәселесі: бұл мәселе хақындағы баяндаманы тексеріп қарап және оны күнде мемлекет ішінде бассыздық, талан-тараж, қырылыс-талас болып жатқанын ескеріп, қырғыз-қазақты мұндай бүліншіліктен қорғау үшін съезд төмендегі қаулыны қабыл етеді.
Ешбір тоқтаусыз милиция түзеуге кірісуі тиіс. Милиция түзеудің уақытша тәртібі мынадай.
X. Бөкейлік, Торғай, Ақмола, Орал, Семей және Жетісу облыстарында милиция саны 13 500 болуға тиіс, әрбір облыста бұлардың саны мынадай болуға тиіс:
Бөкейлікте 1000
Оралда 2000
Торғайда 3000
Ақмолада 4000
Семейде 1500
Жетісуда 2000
XI. Милиция түзеуге мынадай шығын керек.
Қару-жарақ сатып алу үшін 8 109 000 сом, милиционердің бір жылғы еңбек ақысы, өзінің тамағы, пәтері, атының жемі 3 302 100 сом, офицерлердің еңбек ақысы 324000 сом, инструктордың еңбекақысы 974 000 сом, милиция басқарып тұратын мекемелердің расходы 180 000 сом, офицерлік өнерін үйрететін азаматтар расходы 1 100 000 сом… Барлығы 42 886 000 сом.
Бұған оқу комиссиясы мен Алаш Орданың өзінің және бөгде шығындарын қосқанда жоғарыдағыменен барлығы 44 000 000 (қырық төрт миллион) сом болады.
Осы айтылған 44 миллион сом әрбір облысқа халықтың санына қарай былайша бөлінеді.
Бөкейлікке 3 542 050 сом,
Оралға 7 556 000 сом,
Торғайға 6 601 500 сом,
Ақмолаға 6 703 450 сом,
Семейге 9 729 500 сом,
Жетісуға 9 867 500 сом.
Бұл айтылған сомалар әрбір уезге және болыстарға халықтың санына қарай бөлінеді.

Әр болысқа түскен ақша байға байша, жарлыға жарлыша бөлінеді. Алаш Ордасына сайланғандарға съезд кісі басына 800 сом айлық еңбекақы кесті.
Алаш Ордасының пәтер, мекеме, жүріс-тұрыс және басқа расходтарын белгілеу Алаш Ордасының өз міндетінде.
«Алаш Ордасына» мына адамдар сайланды:
1. Бөкейліктен — Уәлитхан Танашұлы.
2. Оралдан — Қалел Досмұқамбетұлы.
3. Ақмоладан — Айдархан Тұрлыбайұлы.
4. Торғайдан — Ақмет Бірімжанұлы.
5. Семейден — Қалел Ғаппасұлы.
6. Жетісудан — Садық Аманжолұлы.
7. Сырдариядан — Мұстафа Шоқайұлы.
Облыстардан тысқары:
8. Әлихан Бөкейханұлы.
9. Жанша Досмұқамбетұлы.
10. Әлімхан Ермекұлы.
11. Мұқаметжан Тынышпайұлы.
12. Бақыткерей Құлманұлы.
13. Жақып Ақбайұлы.
14. Базарбай Мәметұлы.
15. Отыншы Әлжанұлы.
Оларға орынбасарлыққа сайланғандар:
1. Ғайса Қашқынбайұлы
2. Түсіпбек Жақыпбайұлы.
3. Ережеп Итбайұлы.
4. Сатылған Сабатайұлы.
5. Есенғали Қасаболатұлы.
6. Батырқайыр Ниязұлы.
7. Мұқыш Поштайұлы.
8. Сейілбек Жанайдарұлы.
9. Сәлімгерей Нұрлыханұлы.
10. Омар Алмасұлы.
11. Сейдазым Кәдірбайұлы.
12. Асфандияр Кенжеұлы.
13. Штабс-капитан Бегімұлы.
14. Есен Тұрмағамбетұлы.
15. Жанек Сұлтанбайұлы.
«Алаш Орданың» бастығына:
Әлихан Бөкейханұлы, Бақыткерей Құлманұлы және Айдархан Тұрлыбайұлы тасқа салынды.
Сайлаушы Сайламаушы
Әлиханды 40 18
Бақыткерейді 19 39
Айдарханды 20 38
Сөйтіп, «Алаш Орданың» бастығына Әлихан Бөкейханұлы сайланды.
Оқу комиссиясына:
1. Ахмет Байтұрсынұлы, 2. Мағжан Жұмабайұлы, 3. Елдес Омарұлы, 4. Биахмет Сәрсенұлы, 5. Телжан Шонанұлы.
Халықтан милиция және оқу комиссиясы, «Алаш Орданың» расходына жиналатын ақша әзірге ұлт қазынасынан болып табылады.
Түпкілікті ұлт қазынасын түзеу «Алаш Орданың» міндеті.
Азық-түлік мәселесін және өкілдердің бұл туралы берген мағлұматын съезд тексеріп, мынадай қаулы қылды:
1) Азық-түлік жұмысын сайланған земстволар ешбір тоқтаусыз өз қолына алады.
2) «Алаш Орда» әрбір облыстан астықтың ұзын санын біліп, астығы жоқ жерге астығы мол облыстардан астық алып беруге міндеткер.
3) Қырғыз-қазақ сатып алынған астықты азық-түлік комитеттері тоқтатпас үшін «Алаш Орда» қам қылады. Алаш автономиясы жақын арада жарияланатын болған соң программада көрсетілген мүфтилік, народный сот, аульной управление съезде қаралмай, кейінге қалды.
Уақытша автономия құрылғанын айтып, Алаш құрылтай жинағанша қазақ-қырғыз Орынбор мүфтилігі қарауында болады. Болашақ Алаш құрылтайына, Орынбор мүфтилігіне сайланған қазақ қазылары қазақ-қырғыз мекеме шариғиасын құру хақында жоба кіргізуге міндеткер.
Ел ішіндегі народный сот ешбір жұмыс бітіре алмайды және халыққа сенімді емес. Ел ішінде ұрлық күннен-күнге күшейіп бара жатыр. Соның үшін ұрлықты тыятын уақытша сот құру және соттың тәртібін түзеу «Алаш Орданың» міндетінде.
Съезд жабылды 13 декабрьде1917 жылда.

Сәкен Сейфуллин

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *