Соңғы жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысы оқушыларға белгілі, съезд бір ауыздан автономия керектігіне қол қойып, тек қашан ресми жария ету жайын кеңескен еді. Бұл туралы тоғыз күндей толғанып жұрттың шығарған қаулысы:
1. Милиция жасар қамына кірісу;
2. Арамыздағы жат жұрттармен сөйлесу;
3. Түркістандағы ағайынымызды қосып алу, сонан кейін Алаш автономиясын жария ету.
Жоғарғы үш тілекті іске айналдыру және бүкіл қазақ-қырғыз істерін басқару үшін съезд Алаш Ордасын құрды. Алаш Ордасы 5 январьда Түркістан қаласында Сырдария облысының съезін шақырып, ол съезге үш өкіл жіберді.
Түркістан уәлаятындағы бес облыста (Сырдария, Жетісу, Самарқан, Закаспий және Ферғана) қазақ бар. Түркістан автономиясы жария етілгенде осы бес облыс түгелімен Түркістанда қалғанға есеп болып көрінді. Солай болған соң Алаш Ордасы Түркістан уәлаятындағы облыс түгелімен қазақ-қырғыз съезін шақырмай, жалғыз-ақ Сырдария съезін шақыру себептері мынадай еді.
Жалпы қазақ-қырғыз съезінде болған Жетісу облысының өкілдері бірауыздан Алаш боламыз, Түркістаннан шығамыз десті.
Съезге Жетісудың әр уезінен келген телеграммалардан да көрінді. Жетісудың қазақ-қырғызы түгел Алаш туынын астында екендігіміз 27 ноябрьде Қоқанда Түркістан автономиясын жария еткен съезде Жетісудан бір де өкіл болмағандығы білінді, сондықтан Жетісудың Алашта екендігіне шүбә қалмады.
Түркістанның бір облысы Самарқан, бірақ мұның аты облыс болғанымен жалғыз-ақ Жизақ уезінде алты болыс қазақ бар. Бұл алты болыстан жалпы қазақ-қырғыз съезіне келген өкіл Есет Ақжолұлы елінің сәлемін жария қылды. Қалың ағайыннан айрылып адасқан қаздай аз ғана ел едік. Қашанда болса Алаштан айрылмаймыз деп. Бұл Жизақ уезінің қазағынан да Қоқан съезінде өкіл болмаған екен. Бұған қарағанда Самарқан облысындағы қазақ та Алашты аңсап отырғандығы көрінеді.
Түркістанның енді бір облысы Закаспий облысы дегенмен сонда да қазақ аз, жалғыз-ақ Маңғышлақ уезінде 13 болыс адай бар. Жер шалғайлықтан жалпы съезге адам өкілдері жетісе алмады. Маңғышлақ адайы Орал облысының Темір уезімен қоныстас және ағайын. Бірінші және екінші жалпы қазақ-қырғыз съездерінде Орал өкілдерінің сөздерінен мәлім болды: Маңғышлақ адайы қайда жүрсе де Орал облысымен бірге болатындығы сондықтан. Орал Алашта десек, Манғышлақ елінің Алаштан кетпейтіндігі анық болды.
Енді бір облыс Ферғана, мұнда біздің қырғыз көп.
Автономия болудың бір шарты жұрттың қонысы бірыңғай болу және тіршілік шаруасы үйлесу. Ферғана қырғызы қашаннан сартпен аралас. Кәсіп, шаруа жүзінде сартпен байланысқан, ғұрып-әдеті де өзгерген және қонысы да аттамалы. Сондықтан Ферғана қырғызын Алашқа тарту зорлық, Түркістаннан шығару қиын екендігі анықталды.
Түркістан уәлаятындағы төрт болыс Жетісу, Самарқан, Закаспий және Ферғана съездері шақырылмау себептері осы.
Бес болыс Сырдария: мұнда қазақ-қырғыз көп, Алаш автономиясына қосыла кетуге жері бірыңғай, әдет-ғұрып бір, тіршілік шаруасының да Алаштан айырмасы жоқ.
Алаш — Алаш болатын болса Сырдарияның айырылатын түк қисыны жоқ. Бірақ жалпы қазақ-қырғыз съезінде Сырдария өкілдері Алаш бірлігін қуаттаса да Алашқа қосыламыз деп елін билеп кесіп айта алмады. Себебі Түркістан автономиясы жария етілгенде Сырдария бірге кеткен. Қоқан съезінде аз да болса өкілдер, зиялы азаматтары өкімет басына сайланып қалған. Сондықтан Сырдария қазақ-қырғызы Алашқа қосыла ма — мұны жұрт білсін делінді.
5 январьда Түркістан қаласына Сырдария облысының съезі шақырылу себебі осы еді.
Сырдария съезі Түркістан қаласында 6 январьда ашылып 9-ында жабылды. Съезге болыс басы бір өкілден шақырылған еді. 72 өкіл келді. Сырдария облысы Алашқа қосылу, қосылмау мәселесі қаралудың алдында Қоқан және жалпы қазақ-қырғыз съездері туралы доклад оқылды. Қоқан съезі туралы оқыған докладтан және біздің сауалымызға берген жауабында анықталды: Түркістан автономиясын жария еткен съезде жалпы қазақ-қырғыз туралы сөз болмапты және Сырдария облысы Түркістанға не себепті қосылатындығы тексерілді.
Сырдария Алашқа қосылу-қосылмау мәселесі үш күнге тартысқа түсті. Армансыз тексерілді. Алаш баласын бірікпесін деген жан болмады. Ұранына қызбаған, ұлтына тартпаған кісі кім болды. Бірсыпыра зиялылар Түркістанға тартты. Түркістан бай, Алаш болып Түркістанға қарайық, ең болмағанда Сырдария Түркістанда қаламыз десті. Бірақ сөйлесе, дәлелдесе келгенде екі жақ түсінісіп, Алашқа Алаштан артық ешкімнің жоқтығына көз жетіп, Түркістанға қарайық деген сөз қалды. Алаш туының астында табысалық деген бір қаулыға келді.
Сырдария Түркістан автономиясынан күні бүгін шығып кету қиын екендігі сөз болды. Мұны айтушылардың дәлелі: енді Алаш болдық, айрылмаймыз. Бірақ күні бүгін Алашымды таптым деп шығып кетсек, мынадай ор заманда Түркістан автономиясының қабырғасын сөгіп кеткендей боламыз. Көрші қандас және діндес ел едік, досқа күлкі, дұшпанға таба қылмалық. Өкімет істерінде қазақ азаматтары басқарысып тұр едік, аз күн шыдалық. Алаш автономиясы жария етілсін және Алаш Түркістанмен одақ болсын, содан кейін Сырдария Алашымызға қосыла кетелік десті. Ерсілі-қарсылы кеңесіп, ақырында съезд мынадай қаулы қылды:
1. Сырдария облысы қазіргі уақытта тегіс Түркістан автономиясында болған себепті әзірше Түркістан автономиясында қалады.
2. «Алаш Орда» өз алдына автономия жария қылып болып, Түркістан автономиясымен союз (одақ) болса, Сырдария қазақ-қырғыздары Түркістан автономиясына кіруге қарар қылынды.
3. Съездің осы қаулысы Сырдария облысынан Түркістан учредительный собраниясына сайланып баратын депутаттарына наказ болсын.
4. Сырдария облысының қалпы Алаш автономиясына қосылған уақытта осы облыстан Түркістан учредительный собраниясына сайланған депутаттары, Алаш автономиясынын сайлау законіне муаптық болса, Алаш учредительный собраниясына депутат болсын.
5. «Алаш Ордасы» Түркістан баласына болсында болсын.
Съезде Алашқа қосылмаймыз деген ешкім болған жоқ. Кәрі-жас, қарасы, төресі, байы, кедейі бірауыз болды.
Қанша заманнан бері қорлық-зорлықтың астында бастан ерік, малдан садақа кетіп, торғайдай тозуға айналғанда құдай мұндай қуанышты күндерге жеткізіп, Алаш партиясы біріккенде қуанысып, өкілдер бірін-бірі құттықтасты. Аруақ, құдай ауызға алынды. Қарттар жылап, жастар қайраттанды. Өлген тіріліп, өшкен өнгендей болды. «Алаштаған» ұран әуені жаңғырықтырды.
Өкіл