Большевиктер автономияға қарсы емес, бірақ бұлардың көздеген автономиялары іргесі құрылған, жаңа құрылмақ автономиясынан реті басқа. Олардың қарауынша төрелер, байлар тілеуімен, негізгі құрылған автономиялар қиратылып, оның орнына еңбек сіңіріп мал табатын кісілерден құралған советтер автономиясы құрылуға тиіс.
Осы бағытпен большевиктер автономия болған елдерді тізеге салып аударып құлатып, олардың орнына сол елдің советтерін көтеріп отыр.
Қырым мұқтариаты: газеттердің сөзіне қарағанда Қырымда зор әңгімелер болып өтіпті: Қырым мұсылмандары жария қылған автономия ісін орындау жолында «Құрылтай жиын» ел қамын кеңесіп жатқан үстіне большевиктер келіп тиіп, арада қанды соғыстар болған. Большевикке қарсы тұрушылар, мелли мұсылман әскері екен. Большевиктердің күші басым болып жеңіп, Қырымның зор қалаларының бәрін алған. Осы күні Қырым совет билеуінде, Қырым мұқтариатының бастықтарын большевиктер тұтқынға алып, Севастопольдағы большевик штабына жіберген. Қырым мұқтариатының пікірін таратушы «Мелиат газеті» өшіп, оның орнына 22 январьда «ісші халық» деген жұмысшылар газеті шыға бастады. Сол газеттің сөзіне қарағанда, буыны қатпаған жас мұқтариат қолынан келмейтін кейбір істерге құлаш ұрып, соларды болғызамын деп жармасқан көрінеді. Сөйтіп, Қырым мұқтариатының айға шауып мерт болған жайы бар.
Украина үкіметі: автономия аларында әр түрлі жұрттар үлгі алып, ғылым-іліміне, қайрат-күшіне, бірлік-ынтымағына аузының суы құрыған Украина үкіметі де ішінен шіріп құлады. Бұрынғы «Рада» құрыды. Раданың бастықтарын және жаумен бітім сөйлесуге барған өкілдерін народный комиссарлар советі қолға алып, сотқа беруге бұйрық қылған.
Финляндия мемлекеті: бостандық болысымен көмекті сырттан сұрап, Россиядан бөлініп кеткен Финляндия да қоңсыларынан жұққан ауру дертінен қорқып, басы аманында, күйкентайдан қорыққан торғайдай Германия қолтығына кірдім деп жиі-жиі жар салып отыр.
Сібір автономиясы: Томскіден алынған хабарға қарағанда, Сібір автономиясына жоба жасап негізін құрмақшы болып қам қылып жатқан областной комитеті абақтыға салған.
Түркістан мұқтариаты: Түркістан автономиясы байлардан құралған деген өсек большевиктер аузында бар екен. Қоқан қаласына барып, қоқаңдаған большевиктерді көзі көргендердің айтуына қарағанда, оның да өмірі санаулы шығар. Соңғы хабарда большевик Мұстафа Шоқайұлын тұтқынға алған.
Башқұртстан автономиясы: бұл автономияның да жайы онша тәуір емес. У.Р. комитетінің қарары бойынша 4 февральда Башқұртстан ісін басқарып тұрған жеті кісі тұтқынға алынды.
Смольный институты маңайында жүріп жатқан башқұрт Шарп Манатұлының большевиктер көзіне түбінде қандай түспен көрінеріне осы күні көз жетпей тұр. Башқұртстан автономиясы жойылып, оның орнына бейнетқор Башқұрт советі құрылды.
Алаш Орда: қырғыз-қазақ бас қосқанда тоғыз күндей толғанып, ресми жария етуді кейінгіге қалдырған Қазақстан автономиясы да алдыңғылардан озып қайда барсын.
Керегесін құрып шаңырағын көтеру, оған жан-жақтан уық шаншу желді күні қолдан келмес еді.
Қазақ-орыс үкіметтері: Орынборда казак-орыс құрған Дутов үкіметі де құлады. Орнына осы күні «Кезекші совет» деген совет отыр.
Орал орыстарынан хабар жоқ. Олар да казак-орыстарын көре тұра халқын қырғынға неге ұшыратсын.
Дон облысындағы казак-орыстар да большевиктерден жеңілуге бет қойды. Большевик атының тұяғының дүбірі Дон үкіметін отставкіге шығарды. Генерал Калидиннің оңаша үйде өзін-өзі атып өлтіруіне себеп болды. Соңғы хабарда Донда да Совет үкіметі құрылған.
Ж. Жәнібекұлы