Сірә, мен байқамаспын, байқамадым,
Қайтейін, айтарымды айта алмадым.
Шындықтың көзі шығып кете ме деп,
Әлі де тайқудамын, тайқудамын.
Осынау шуақ шашқан кең өлкеде,
Сірә, мен қаламын-ау көлеңкеде.
Шынымен жұртым маған шын өкпелеп,
Із-түзсіз мәнгілікке жөнелте ме?
Өлемін деп өкініп, сескенбеймін,
Өлмек парыз, өмірден өшсем мейлі.
Айта алмаған сөзім бар, арманым бар,
Арманымды қалдырып кетсем деймін.
Түсінем, Қасым-тағдыр қасымда жүр,
Басымда жүр, көзімнің жасында тұр.
Тым құрыса қалса екен бір шумағым
Басымдағы туған жер тасында бір.
Қайтейін, айыптымын алдарында,
Айта алмаған сөзім бар, арманым бар.
Достарым, жаман ақын жазған жырдың
Тым құрыса бір парағын аударындар!
Мұқағали Мақатаев