СОҚ, ЖҮРЕК!

Қалай-қалай соғасың, қан жүрегім?!
Соғасың, әлі өмірің бар білемін.
Дем ала ғой, байғұсым, дем ала ғой,
Бұл тірлікте құмарым қанды менің.

Мазалама кеудемді, ойнақ салып,
Хал жоқ менде көнетін қайраттанып.
Қаншама рет суындын қайнап барып,
Қаншама рет тірілдін жайрап барып?!
Мен сені әлсіретіп алдым білем,
Болмашы нәрселерге айдап салып…

Өртенбей қалып едің от-жалыннан.
Көздеп атқан кімдердің оқтарынан.
Қорқамын, қорқам сенің, қан-жүрегім,
Қалжырап ойпы-тойпы соққаныңнан.

Түсінемін сенің қажып тұрғанынды,
Соқ, жүрек!
Бұзбай соққын ырғағынды!
Сыңғырлаған сиқырлы үн естиін,
Бұрап қой босап қалған сымдарыңды.

Қалай-қалай соғасың, қан-жүрегім?!
Білмеймін, қанша өмірім қалды менің.
Торға түскен торғайдай боп барасың,
Қаршығадай самғаған алғыр едің…
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *