Кешіріңдер, туыстар,
Кешіріңдер, ағайын,
Өр көкірек бейбаққа өкпеледің талайың.
Кірсіз көңіл ақ туын
Жоғары ұстап, ағайын,
Ақ киімге оранып, алдарына барайын.
Кешіріңдер, жарандар,
Қошақаның болайын.
Сый сұрағам жасыңнан,
Мейір күткем қартыңнан.
Еркелеп ем сендерге,
Емін-еркін шарқ ұрғам,
Екенмін ғой антұрған.
Сөз өргізіп артымнан,
Арыла алмай келемін
Бала күнгі қалпымнан.
Кешіріндер, достарым,
Кешіріңдер, қастарым.
Есім кіре бастады,
Мен-мен емес, басқамын…
Еркелікті тастадым.
Естеріңе алғайсың еркін жүрген қалқаны.
Мұқағали Мақатаев